Ескі 10 мың теңгелік банкноттар жарамсыз болып қала ма? Ұлттық банк түсініктеме берді.
Соңғы күндері қазақстандықтар арасында ескі үлгідегі 10 мың теңгелік банкноттардың болашағына қатысты сұрақтар жиілеп кетті. Әсіресе, 27 маусымнан кейін бұл купюралармен дүкендерде төлем жасауға бола ма деген мәселе қоғамда қызу талқылануда.
Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі ресми түсініктеме беріп, ескі үлгідегі 10 мың теңгелік банкноттардың заңды төлем құралы мәртебесін сақтап отырғанын мәлімдеді.
Сенаттағы брифинг барысында Ұлттық банк төрағасының бұрынғы орынбасары Берік Шолпанқұлов азаматтар қолындағы ескі купюраларды тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасау кезінде пайдалануға болатынын айтты.
«Егер сауда орындары ескі купюраларды қабылдамаса, оларды екінші деңгейлі банкке немесе Ұлттық банктің филиалына тапсыруға болады. Мұны мерзімге қарамастан жасауға мүмкіндік бар», – деді ол.
Ұлттық банктің мәліметінше, елде жаңа «Сақ стилі» сериясындағы банкноттарды айналымға енгізу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жаңа үлгідегі барлық негізгі номиналдар шығарылған, тек 20 мың теңгелік жаңа банкнотты айналымға енгізу 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Бұған дейін 10 мың теңгелік ескі және жаңа банкноттардың қатар айналыста болу мерзімі 2026 жылғы 27 маусымда аяқталуы тиіс болған. Алайда Ұлттық банк бұл мерзімді бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Енді ескі үлгідегі 10 мың теңгелік купюралар 2027 жылдың маусымына дейін заңды төлем құралы ретінде қолданыста болады.
Реттеушінің түсіндіруінше, мұндай шешім Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұсынысын ескере отырып қабылданған. Себебі 10 мың теңгелік банкноттар халық пен бизнес арасында ең кең таралған купюралардың бірі саналады.
Ұлттық банк сондай-ақ қатар айналым кезеңі аяқталғаннан кейін де ескі банкноттарды айырбастау мүмкіндігі сақталатынын хабарлады. Ескі үлгідегі ақшаларды барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде үш жыл бойы айырбастауға болады. Ал Ұлттық банктің филиалдары оларды мерзімсіз қабылдайды.
Осылайша, қазіргі таңда ескі 10 мың теңгелік банкноттарды жарамсыз деп санауға негіз жоқ. Олармен төлем жасауға да, қажет болған жағдайда банктер арқылы айырбастауға да болады.
