Жалғасы

-Мырзам, хош келдіңіз! Айнадағы қыз сөйлеп тұр.

– Сен кімсің? – өзімді барынша сабырлы, барынша батыл ұстадым.

– Жын, жынның қызы…

 – Менде не ақың бар?

 – Мені тек сіз ғана құтқара аласыз.

 – Ненің құрметіне?. Өзімше кекие бастадым.

– Өмір бойы сіздің қызметіңізде боламын.

 – Сені түгіл өзімді баға алмай жүрмін. Шынымды айтып тұрмын.

 – Мені құтқарыңызшы, босатыңызшы.

 – Неге?Сайтан шығарсың?Онсызда басымдағы әурешілігім жетеді.

 – Жоқ, мен жалған айтып тұрғаным жоқ.Мен жынның қызымын.

– Сайтаннан не айырмаң бар? Қанша дегенмен бірдемелер шимайлайтыным бар ғой, біле қалмақшымын.

– Сайтан адамдарға қас.

– Сонда не жын адамдармен дос па?

– Иә.

 – Қалай?

 – Сайтан жоғарғы әлемде болған. Ал, біз жерлікпіз.

 – Ары қарай.

 – Адамдар да сол жоғарғы әлемнен келген.Біз жерді адамдардан бұрын мекендегенбіз. Бүткіл жердің барлығы біздің иелігімізде болған.

– Содан…

– Жаратушы адамдарды жерге жіберген соң бізді ығыстырып жіберді

 – Қайда?

 – Иесіз суға, сосын иен далаға.

 – Бүгінше маған осы да жетеді. Ертең ерте жұмысқа баруым керек –қыздың сөйлей түскісі бар. Тоқтатып тастадым.

 – Мені босатасыз ба?

– Ойланам… бірақ қазір емес… ұйықтауым керек… мазамды алма!.. – Мақұл!

Көрпеге кіріп алып ойланып жатырмын. Күні бүгінге дейін осындай өңді қызды көрмеген екенмін. Тек атақты суретшілердің кескіндемесінен бірер рет көзім шалып қалғаны бар. Деседе олардың өзі мына қыздың қасында,тіпті білмеймін… ақыры талығып барып ұйықтап қалдым.

Ертесі ертемен тұрып жұмысқа кеттім. Күні бойы айнадағы қызды ойлаумен болдым. Өмірімде кезікшесі деп армандадым.Жоқ, солай айнаның ішінде-ақ тұра бергені дұрыс деп ой түйдім қайтадан. Өмірде болса, маған пысқырып та қарамайтын шығар. Бет-аузын секпіл басқан хатшы қыздың өзі қанша рет сөз салсам да, тіпті маңайлатпай қойған.

Түс ауа үйге қайтуға асыға бастадым,көргім келетін іспетті.

Айнадағы қыз екеуіміз ай бойы сырласып жүрдік. Бір-бірімізге әбден үйреніп кеттік. Тіпті бауыр басып қалғандаймыз.Жұмыстан үйге асығам да тұрам. Ақыры қызды босатып алуды жөн көрдім.Неше мәрте кесете уағдаластым. Мені тастап ешқайда кетпейтініне өзімді әбден сендірген соң босатуға келсім бердім. Содан: – Ал, енді қалай босатамын? – деп сұрадым қыздан.

– Баяғыда өзіңе тұмар берген әйелді тап, сол айтады.

Құдай атқыр қайыршы әйел бұрынғы орнына келмейтін болған. Тағы бір ай бойы сандалып жүріп ақыры бір шағын базардың алдынан таптым.

Мені көре сала аярлана күлген әйел: – Мырза жігіт, менің тұмарымды қайтарғалы келдіңіз ба? – деп сұрады.

 – Жоқ, мен сіздің сіңіліңізді қалай босата аламын соны сұрағалы келдім, – дедім барынша ілтипатпен. Иә, ол қайыршы болғанымен, қайын бикем болғалы тұр барынша ибалы болуым керек қой, әрине.

– Жарайды,уақытыңды жемейін,мына қағазды ал, сосын қаларалық бекетке бар да «Бесбастауға» билет ал. Сосын автобусқа отырып «Тораңғылыдан» түсіп қал. Сол жерде көне қора бар. Түн ортасы ауғанда қораның қабырғасынан айна көрінеді.Соның алдына мына қағазды өрте.

 – Ары қарай не болады?

 – Барғаннан соң көресің.Айналма, автобустан кешігесің.Міне ақша билет аласың– ол қоярда қоймай қолындағы қағазбен бірге жұмарланған біраз ақшаны қалтама сүңгітіп жіберді.

Мен асығыс бекетке қарай жүгірдім. Автобус енді қозғалғалы тұр екен соңғы билетті алып үлгірдім. Автобусқа шыға тізгінші кімнің қайда баратынын сұрап жатты. Елдің барлығы «Бесбастауға», болмаса, одан ары «Сарықалаға» барады екен. Кезек маған келді. –«Тораңғылыға…» –деп ем барлығы шу ете қалды

. – Онда не бар? –деп. Кеш бата «Тораңғылыға» жеттік. Тізгінші түсіргісі келмей біраз қиқақтады, мен де күш бермедім: – Билетім алынған, ақшасы төленген, жолаушы қайдан түсем десе, өз еркі… – деп.

– Бүрсікүні қайтқанымда көрермін әуселеңді… – деп миығынан бір күлді де жіүргізуші көлікті тоқтатты.

Мен иендегі қораға келдім. Сәл жүрексінгеніммен, келерін келіп алғасын кері қайтарға жол жоқ, ақырын күттім. Түн ортасы ауа жаман там сықыр ете түсті… Менде зәре жоқ. Бір уақытта тамда жарып айна көрінді.Қолым қалтырап шырпыны әзер тұтатып қайыршы әйел берген қағазды жақтым. Қағаз жанып бола бере айнадан құлында құлын даусы шығып шырқырап күндегі айнадан көріп жүрген қызым атылып шықты. Мен тұра қашуға қамдандым.Екі тізем қалтырап еркіме көнер емес. Тұрған орныма жүрелеп отыра кеттім. Қарсы алдымда айнадан шыққан қыз жатыр. Әлсіз ыңыранады, сүлдерімді сүйретіп қызға таядым. Айдың сәулесімен анық көрініп тұр. Алақанында мен айнаның алдына таққан тұмар. Ақырын басын сүйедім. Арада сүт пісірім уақыт өткенде ол есін жиды.Мойныма асылып бетімнен құшырлана сүйді.Мен де сүйген болып қоям.Дәл осындай сезімді еш уақытта басымнан өткеріп көрмегем. Таң атуға таянғанда ол:

– Енді тез кетейік бұл қарғыс атқан жерден… –деді.

Қайда барамыз деп сұрамадым. Сұрағым да келмеді… Қызыдың ыстық құшағынан айырылып қалудан қорықтым. Қолындағы тұмарды менің мойныма таққан ол: «енді көзіңді жұм»,- деді. Мен көзімді жұмдым… Айналаның астаң-кестеңі шығып күркіреп, біз тұрған жер қақ айырылып жердің астына қарай құлдилап бара жатырмыз. Құшағымда қыз. Жоқ, қыздың құшағында мен. Көзімді тарс жұмып алғаныммен, бәрін сезіп келемін. Қанша уақыт өткенін білмеймін бір заманда мүлдем басқа бір әлемге топ ете түстік. Мен көзімді аштым. Мұндағылар да адам кейіпті екен. Тек бар айырмашылығы – барлығы әуеде қалықтап жүре алады. Жоқ, байқамаппын, мен де қалықтап ұшып келем. Ел-жұрты қызбен ұлар-шу болып қауышып жатыр. Барлығы маған алғыс айтып жатыр. Аста-төк қонақасы басталды. Бір ерекшелігі – бұл жақтағылардың барлығының жүзі жарқын екен. Жер бетіндегілердей көзіне қайғы-мұң ұялатқан ешбірін көрмедім. Жерге қалай қайтамын деп ойландым. Қыздан сұраудың бір ретін таба алмай қиналдым. Араға біраз уақыт салып қалың сауық-сайранның ішінен баяғы қыз мені оңаша алып шығып бір жерге ертіп барды.

– Біздің некеміз қиылады – дейді. Менің қуанышымда шек жоқ. Жерге қайту туралы ойды ұмыттым. Біздің тойымыздың өзі ұзаққа созылды. Тойға баяғыда бекетте қайыр тілеп отыратын әйел де баласымен бірге келді. Сол кезде қалай зер салмағам? Ол да асқан сұлу әйел екен.

– Жерге қайтқың келсе, маған хабарлас– деді ол. Мен үнсіз басымды изедім.

Содан қаншама жыл сол әлемде тұрып қалдым. Біз өте бақытты болдық. Менің төрт ұлым болды. Жасым да біразға келіп қалған. Бірде әйелім дастархан басында басқаша бір әңгіме бастады: – Мырзам,.. енді сенің қайтатын уақытың болды – деп.

Мен шоқ басқандай быж ете қалдым: – Неге?

Сендер ажалды пендесіңдер ғой, мырзам, сол айтулы сәтің таяды.Енді балаларыңды ертіп қайтуың керек, әйелім жылап отыр. Менің де көңілім босады. Бізге жолды жер бетінде жүрген баяғы қайыршы әйел бастайды екен. Сол келді. Ақыры балаларыммен бірге қайтатын болдым. Бізге бір-бір кесе шәрбәт су ішкізіп көзімізді жұмғызды. Тағы сол астаң-кестең болып күркіреген дүние. Жер жарылып, біз жоғары қарай заулап келеміз. Бір заманда баяғыдағы жаман тамдағы айнадан біз де атылып-атылып шықтық… Балаларым шыға сала ғайып болып кетті. Арлы-берлі жүгіріп таба алмай қалдым. Таң да атты. «Тораңғылы» баяғы қалпы екен. Жол бойында отырмын. Қайда барарымды да білмеймін. Қаншама заман өтті.Мені ел-жұрт әлде қашан ұмытқан шығар деп ойладым. Түс ауа анадайдан автобус көрінді. Жанымда автобусқа төлер ақшам да жоқ-тұғын. Ала кетер деген оймен қол көтердім. Автобус тоқтады. Ішке кіріп келіп өз көзіме өзім сенбей қалдым. Менің ұлдарым әлде қашан жайғасып отырып алыпты. Тура баяғыда өзім келген автобус сықылды екен. Тіпті тізгінші де тура соның өзі… баласы шығар деп ойладым.Недеген ұқсастық деп бос орынға отыра бергенде тізгінші:

 – Құдайым-ау, осы «Тораңғылының» бір сиқыры бар. Алдыңғы күні ғана бір боқмұрынды әкеліп тастап ем.Бүгін иен даладан қаусаған шалды алып бара жатырмын – деді

– Көзім қарауытып кетті. Ешнәрсе ойлай алар емеспін.Бір жағыма қарай қисайып жығылып бара жатырмын.

– Ата-ата, сізге не болды? – деп автобус ішіндегі адамдар үймелеп кетті. Менің ұлдарым үнсіз жылап отыр…

 

Соңы...



Қойшыбек Мүбарак