1-бөлім

Автобус тола адам…

Барлығы маған таңданып келеді…

– Осыдан «Тораңғылыға» дейін екі жүз шақырым. Ал «Тораңғылыдан» ары «Бесбастауға» дейін жүз елі шақырым.Айналасы үш жүз елу шақырым жерде тамшы су жоқ. Бетбақ дала. Сонда сен «Тораңғылыдан» не іздеп барасың?

– Жай, әншейін.

– Қой, бала, жайдан-жай ешкім басқа-басқа «Тораңғылыға» бармас болар. Қой, не осы жерден қал да, болмаса, бізбен бірге «Бесбастауға» бар .«Тораңғылыда» баяғыда-ақ мүжіліп құлап қалған иесіз қорадан басқа дәнеңе де жоқ.

 – Жоқ, көке, мен «Тораңғылыға» барамын.

– Есің дұрыс па ол жерде қазір тірі жан тұрмайды.

 – Жұмысым бар…

– Ау! Иен даладағы иесіз қорада нең бар?

– Жеке шаруам… Неңіз бар жеткенде өзім түсіп қалам…

– Қой-ей, сен де бір – қарт жүргізуші қолын бір-ақ сілтеді.

Арт жақта отырған әлде біреу:

 – Сол қораға тығып қойған атасының қазынасы бар шығар – деп келеке етті.

 – Бәлкім, есі дұрыс емес шығар.Қойыңдар, не осы жерден түсіріп кетіндер, не «Бесбастауға» алып барыңдар!

Менімен қатарлас отырған әжей маған емес, жүргізушіге бұйыра сөйледі. Мен де тыныш отырмадым:

 – Ой, апатай, есім сап-сау.Кәдімгідей жоғары білімді адаммын.Сенбесеңіз міне – деп қып-қызыл дипломымды қапшығымнан алып шықтым.Бекеттен ақшасын төлеп билет алып алғам мұнда қалдыруға құқы жоқ – деп шыр-пыр боламын.

– Жарайды, апатай  осыған бола бәріміз шаршамалық.Маған десе сол «Тораңғылыны» мекендеп қалсын. Айтпақшы, су-судан бірдемең бар ма біз ертең емес, арғы күні қайтамыз. Сонда ала қайтайын… егер иендегі ит-құсқа жем болып қалмасаң – деп жүргізуші маған тағы қарады.

 – Жоқ, судың керегі жоқ, – деймін мен тағы.

 – Еркің білсін, екі күнге шөлден өле қалмассың. Судың қаншалықты керегі барлығын бүрсікүні қайтарда көреміз.

Күннің қапырық ыстығы автобус ішіндегі адамдардың тері исіне қосылып тұншықтырады. Мен енді ойлана бастадым .Шынымен қайдағы бір түске бола сандалып бара жатқаным ақымақтық емес пе деп.Жоқ, олай болуы мүмкін емес.Көйлегімнің төс қалтасындағы шәкене тұмарды алып иіскеледім.

Әр күні үйге қайтарда соңғы бекеттің жанында отырған кішкене балалы қайыршы әйелге қалтамдағы тиын-тебендерді қалдырып кететінмін. Сыған ба, әлде басқа ма, ол әйел әйтеуір менің садақа беретінмді біле ме басқаларға қолын қанша созғанымен, мен келе жатқанда үнсіз отыра беретін.

Мен әйелге емес, жанындағы тас еденде жалаңаш денесімен отырған балаға жаным ашыйтын.

Бірде әлгі әйел:

– Мырзам, сізбен сөйлесуге бола ма? – деп сұрады. Мен қалдырған садақамды азырқанып тұрған шығар деп қалтамды қайтадан ақтара бастадым.

– Жоқ… жоқ… мен басқа нәрсе айтайын дегем… – әйел баласын құшақтап жаныма келді. Қаптаған қалың елдің ішінде қайыршымен сөйлесуді өзіме сөлекет көрсем де тыңдауға ниет таныттым.

 – Айта беріңіз,құлағым сізде.

– Сізге бір нәрсе берейін деп ем.

– Өзіңіз қайыр сұрап отырып маған не бергіңіз келеді, мен мысқылдадым.

– Менде тек ақша ғана жоқ. Қалғанының барлығы бар,әйелдің даусы зілді шықты.

– Иә, қазір адамдардың барлығына ақша ғана керек.

– Мырза! Қателесесіз.

 – Неге?

Ол омырауына қол жүгіртіп бір ақ түйіншек алып шықты. Мен ақшасын көрсеткелі тұрған шығар деп ойладым да:

 – Керегі жоқ, бұйырса өз ақшам өзіме жетеді –деп ем.

– Кешіріңіз, менің сізге берер ақшам жоқ басқа нәрсе

 – Сондада қажеті жоқ. Қайыршыдан бірдеме алғанға намыстанып тұрғаным. – Сізден басқа лайықты ешкімді таба алмадым.

 – Қалай?

– Менің жапанда қалған жалғыз сіңілім бар еді.

– Содан…

– Сол сіңіліме уағда берген ем.

 – Не деп?

 – Әлемдегі ең жақсы жігітті жолықтырам деп.

 – Қателесесіз.Мен әлемдегі жақсылардың қатарында емеспін.Ел сықылды үйім, болмаса, жақсы машинам, жоғары қызметім жоқ.

 – Оның барлығы алдамшы дүниелер.

– Қызық.

 – Сіз менің сіңлімді көрген жоқсыз.

 – Иә, рас айтасыз көргенім жоқ.Көруге де онша құштар болып тұрғаным шамалы.

– Мына тұмарды алыңыз.Әйел түйіншекті шешіп ішінен шәкене ғана тұмарды шығарды.

 – Қажеті жоқ.

 – Алыңыз.

 – Не қыламын?

– Қажетсінбесеңіз, ертең қайтарда қайырып берерсіз. Әйел қоярда қоймай тұмарды жан қалтама тықпалап салды да, орынына қарай кете барды.

Орнына отырып алып, түкке де түсінбей ақыры үйге бет алған менің артымнан: – Андағы тұмарды кеште айнаның алдына іліп қой, – деп айқайлады.

Үй деймін-ау, менде қайдағы үй? Қаланың шетіндегі бір көнеден қалған жатақхананың бір бөлмесінде тұрамын.

Келіп беті-қолымды шала шайдым да, қолыма ілінген бір кітапты ала сала оқуға кірісіп кеттім. Кітаптың алғашқы бір бөлімін аяқтап басымды бірақ көтердім. Қарыным қатты ашып тұр екен, ыдыс-аяқ жаққа қарадым. Бәрі бір талғажау ете қоярлық ешнәрсе жоқтұғын. Сыртқа шығып тамақтанбақ болып ойландым да, ол ойымнан тез айныдым. Қойшы, ұйықтап қалсам, таңертең жолдан іше салармын деп ойладым. Орын көрпемді ыңғайлап шешініп жатып манағы әйелдің берген тұмары есіме түсті. Ешбір таңғажайыпты күтпей-ақ мақсатсыз айнаның алдына апарып ілдім де, төсегіме қарай кеттім. Төсегіме қарай кетіп бара жатып ту сыртымнан біреу тесіліп қарап тұрғандай сезімде болдым да жалт беріп айнаға қарадым

Айнаның ішінде аппақ гүлге оранған бір қыз тұр. Селк ете түстім. Көзіме бірдеңе елестеген болар деп уқалап-уқалап жіберіп қайта қарадым. Басым айналып, құлағым шуылдап кетті. Орныма барып көрпеге тас бүркеніп жатып қалдым. Құлағыма «мені құтқаршы… босатшы мені…» –деген қыздың жалынышты даусы естілді.

Таң бозынан орнымнан тұрып асығыс киіндім де сыртқа қарай ата жөнелдім.Бұның не кесапат екенін білмек болып бекет басында отыратын қайыршы әйелді іздедім. Жоқ, келмепті. Үш- төрт күн күттім көрінбеді. Содан үш-төрт күн үйге қайтпай жүрдім.Ақыры басқа барар жерім болмаған соң үйге қайтуға тура келді.

Барлық пәленің тұмардан басталғынын өзім де сезіп жүрмін. Бара сала айнаның алдындағы тұмарды алып лақтырып тастамақ болып шештім. Ақырын баспалап үйге кірдім. Үй баяғыдай,.. шашылған кітаптар… жиналмаған төсек орным. Бірден айнаның алдына бардым. Міне масқара, тұмар айнаның ішінде тұр. Енді студент кезімнен бастап өзіме серік болған айнаны лақтыруыма тура келді.Қимасам да тыныштық үшін солай жасауым керек деп бекіндім. Қабырғаға терең қағылған жалғыз тал шегеге ілінулі тұрған айнаны алмаққа қанша талпынғаныммен еш өнім шықпады.Қабырғамен бірге құйылып, біте қайнасып қалған іспетті. Енді тек шағып тастап қана құтылу керек болды. Еш ойланбастан бір сыйрағы әлде қашан сынып қалған ақсақ орындықты алып айнаны көздеп періп қалдым. Мыңқ етпейді… қабырғамен бірге мелшиіп тұр. Ары-бері арпалысып еш өнім шығара алмаған соң ақыры жалығып үйден қайта кетіп қалдым. Кешке дейін сырт жақты айналсоқтап арлы-берлі сандалып жүрдім де қойдым,Кеш батты. Түн болды. Не болса да тәуекел, қандай ғаламаты болса да көрейін деп үйге қайтып келдім.

Жалғасы бар...

Қойшыбек Мүбəрак