el24.kz Қазақстанда ақылы автожолдарда жолақы төлеу тәртібі жеңілдетіледі. Жаңа ережеге сәйкес, жүргізушілер енді ақылы жолмен жүргені үшін төлемді бұрынғыдай 7 күннің ішінде емес, 30 күн ішінде жүзеге асыра алады.
Бұған дейін белгіленген мерзімде жолақы төленбесе, материалдар тиісті уәкілетті органдарға жолданып, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылатын.
Ал жаңа тәртіп бойынша жеке тұлғаларға жолақыны пайдаланған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлеуге мүмкіндік беріледі. Тек осы мерзім өткеннен кейін ғана әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс төлем жүйесін барынша ыңғайлы етуге және техникалық немесе өзге де себептермен төлемді дер кезінде жасай алмаған жүргізушілердің санын азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар заңды тұлғалар үшін де төлем жасау тәртібі нақтыланған. Егер жолақы белгіленген мерзімде төленбесе, материалдар уәкілетті органдарға жолданады.
Айта кетейік, ақылы жолдарда төлем жасау электронды жүйе арқылы, мобильді қосымшалар мен банк сервистері арқылы жүзеге асырылады. Жауапты мекемелер жүргізушілерді жолақыны белгіленген 30 күндік мерзімде төлеуге шақырады.
