el24.kz  Камералар енді көліктің ішін де бақылайды: белдік тақпаған, телефон қолданған жүргізушілерге айыппұл автоматты түрде тіркеледі.

Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге бақылау күшейтілді. Енді көлік тізгінінде отырып қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе телефон қолданған жүргізушілерді көшедегі бейнекамералар автоматты түрде анықтап, айыппұл тіркейді.

Жаңа жүйе бүгіннен бастап іске қосылды. Бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды жол-патрульдік полиция қызметкерлері ғана анықтап, хаттама толтыратын. Ал енді автоматтандырылған камералар көліктің ішіндегі көріністі де талдап, ереже бұзған жүргізушілерді тіркей алады.

Жол қозғалысы ережесін бұзғандарға 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынады. Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдық жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, жол бойында орналасқан камераларға жаңа функция қосылған.

— Жол бойында орналасқан автоматтандырылған камералардың жаңа функциясы пайда болды. Телефон пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты құқық бұзушылықтарды енді бейнекамера арқылы анықтаймыз. Бұрын бұл функцияны полиция инспекторы атқаратын, — деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы қаласының өзінде 180 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстардың 80 пайыздан астамы дәл осы камералардың көмегімен ашылады.

Соңғы екі айдың өзінде рөлде отырып телефон қолданғаны үшін 2400 жүргізуші, ал қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 4000-нан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Енді жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіштің күрт өсуі мүмкін.

Дегенмен бұл өзгеріске қатысты қоғам пікірі екіге бөлінді. Кейбір жүргізушілер мұны жол қауіпсіздігін күшейтетін тиімді шешім деп санайды. Олардың айтуынша, рөлде телефон қолдану жол апатына жиі себеп болады.

Ал енді бір бөлігі мұны артық бақылау деп есептейді. Кейбір жүргізушілер қала ішінде қауіпсіздік белдігін тағудың аса қажеті жоқ деп санайтынын айтады.

Соған қарамастан мамандар жолдағы қауіпсіздік ең алдымен жүргізушінің тәртібіне байланысты екенін еске салады. Сондықтан рөлде отырғанда телефон қолданбау және қауіпсіздік белдігін тағу — әр жүргізуші үшін міндетті талап.