el24.kz Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті танымал комик **Нұрлан Сабуров**ке қатысты тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, тараған ақпарат назарға алынып, тиісті тексеріс жүріп жатыр.
Тексеруге әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба себеп болған. Онда әзілкештің Ресей жағында Украинаға қарсы соғысып жатқан Вагнер жекеменшік әскери компаниясының бір бөлімшесіне 10 «эндуро» мотоциклі табысталғаны және жауынгерлерге «жеңіспен оралуды» тілегені айтылған.
Осыған байланысты қазақстандық азаматтық белсенді Марат Тұрымбетов Бас прокуратураға арыз жолдап, Нұрлан Сабуровтың «СВО» деп аталатын әскери әрекетті ықтимал қаржыландыруына қатысты жайттарды тексеруді талап еткен.
Айта кетейік, бұған дейін комиктің көші-қон және салық заңнамасын бұзды деген себеппен **Ресей**ге 50 жылға кіруіне тыйым салынғаны хабарланған еді.
Соған қарамастан, Нұрлан Сабуровтың гастрольдік жоспары өзгермеген. Анықталғандай, 25 ақпанда ол Пхукет аралында өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Концерт шамамен 2 мың көрермен сиятын Royal Phuket City Hotel қонақүйінде өтпек. Қазіргі уақытта іс-шара тоқтатылмаған, билеттер сатылымда. Бағасы 8 мыңнан 20 мың рубльге дейін, яғни шамамен 19 мыңнан 130 мың теңгеге дейін жетеді. Комиктің ресми сайтында билет құны ресейлік валютада көрсетілгені де қоғам назарын аударды.
Сондай-ақ сәуір айында Сабуров Шанхай, Гуанчжоу және Бейжің қалаларында концерт өткізуді жоспарлағаны хабарланды.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазіргі таңда тараған бейнематериал мен оған қатысты деректерді жан-жақты тексеріп жатқанын мәлімдеді. Тексеріс қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға берілмек.
