el24.kz Астана қаласының тұрғыны «TikTok» әлеуметтік желісі арқылы өзін емші ретінде таныстырып, азаматтарды алдағаны үшін сотталды.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті әлеуметтік желі арқылы адамдардың денсаулығына қатысты мәселелері бар екенін білген. Кейін оларды түрлі әдістермен емдеп бере алатынын айтып, ақшалай сыйақы талап еткен.

Нәтижесінде жалған емші 3 жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Анықталғандай, алынған ақшаны ол құмар ойындарға жұмсаған.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық қажетті дәлелдемелерді ұсынды. Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Құзырлы органдар азаматтарды әлеуметтік желілерде ұсынылатын күмәнді «емшілік қызметтеріне» сенбеуге және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.