el24.kz Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында адам шошырлық қылмыс тіркелді. Қалалық көпбейінді аурухананың дәлізінде 29 жастағы дәрігер Нұрдәулет Аманғалиев пышақ жарақатынан көз жұмды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, емдеу мекемесіне кіріп келген ер адам терапевт-дәрігерге аяқ астынан шабуыл жасап, бірнеше рет суық қарумен соққы жасаған.
Әріптестері күдіктіні тоқтатуға тырысқанымен, ол дәрігерге ауыр жарақат салып үлгерген.
Марқұмның анасының айтуынша, ұлының денесіне 21 жерден пышақ жарақаты салынған. Отбасы бұл қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанын айтып, кінәліге кешірім болмайтынын мәлімдеді.
Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес, қылмыс дәрігердің кәсіби қызметіне байланысты емес, жеке себептерден туындаған. Куәгерлердің сөзінше, күдіктінің жұбайы аталған ауруханада медбике болып жұмыс істеген.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров марқұмға шұғыл медициналық көмек көрсетілгенін растады:
— Науқас ауыр жағдайда жеткізіліп, мойын, кеуде тұсы мен қолынан ауыр жарақат алған. Көп қан жоғалтуына байланысты шұғыл операция жасалды. Алайда көрсетілген ем-шараларға қарамастан, әріптесімізді аман алып қалу мүмкін болмады, — деді ол.
Нұрдәулет Аманғалиев Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде 9 жыл білім алған. Бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына қызметке келген. Артында екі баласы қалды. Әріптестері оны жауапты, кәсіби білімі жоғары, болашағынан зор үміт күттірген жас маман ретінде сипаттайды.
Аталған дерек бойынша полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті өз еркімен құқық қорғау органдарына берілген. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторында, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатқанын хабарлады.
