el24.kz Қарағанды облысының спорт басқармасында туындаған дау қоғам назарын аударды. Басқарма басшысы Серік Сәпиев өзіне сыртқы ықпал ету әрекеттері болғанын мәлімдесе, өңір басшылығы бұл жағдайға құқықтық баға берілетінін жеткізді.

Серік Сәпиевтің айтуынша, бұл оқиға жеке немесе тұрмыстық жанжалға жатпайды. Оның сөзінше, аймақта ықпалы бар жекелеген адамдар тарапынан қарсылыққа тап болып, облыстық спорт ұйымдары басшыларын заңсыз ротациялау әрекеттері жасалған.

Аталған процеске басқарма басшысының орынбасары Дәурен Есімхановтың да қатысы болғаны айтылды. Сәпиев бұл әрекеттерді заңсыз деп танып, тоқтатқанын, соның салдарынан жанжал туындағанын алға тартты.

Оқиға 21 қаңтар күні Қарағанды облысы спорт басқармасының ғимаратында болған. Басшы мен оның орынбасары арасында сөзге келу төбелеске ұласқан. Осыдан кейін Серік Сәпиев полиция шақырған. Сол күні ол жағдайдың реттелгенін айтып, қоғамды сабырға шақырғанымен, кейін әлеуметтік желіде әріптесін тікелей айыптаған мәлімдеме жариялады.

Өз кезегінде, самбодан әлем біріншілігінің жүлдегері Дәурен Есімханов та әлеуметтік желі арқылы пікір білдіріп, тараған ақпараттарға сын көзбен қарауға шақырды. Оның айтуынша, жанжалдың түпкі себебі басқада.

Жағдайдың ушығуына байланысты Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев ресми пікірін білдірді. Өңір басшысы мемлекеттік қызметте жүрген тұлғалардың мұндай әрекетке баруын құптамайтынын айтты.

Әкімнің сөзінше, тәртіп бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылады. Сонымен қатар спорт басқармасының жұмысы тоқтамауы тиіс. Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізіп, басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады.

Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Құзырлы органдар әрбір әрекетке құқықтық баға беретінін хабарлады.