el24.kz Қарағанды облысы спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов соңғы күндері қоғамда қызу талқыланып жатқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында шындыққа жанаспайтын ақпараттар тарап жатқанын айтты.
Дәурен Есімхановтың сөзінше, қазіргі уақытта жарияланып жатқан кейбір мәліметтер жағдайды ушықтыруға бағытталған.
Осыған байланысты ол жұртшылықты арандатуға ермеуге және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.
Сонымен қатар, ол аталған оқиғаға құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, барлық мән-жай тергеу қорытындысы бойынша анықталады.
Еске салайық, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қарағанды облысы спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасында жанжал болғаны туралы ақпарат тараған. Мәліметтерге сәйкес, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталған.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар әр тараптың уәжін зерделеп, оқиғаға құқықтық баға беріп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады.
