Сіздердің сайттарыңызда талай тағдырды оқып,мен де өзім жайлы айтып бергім келді. Мен жіберген қатені қыздарымыз қайталамасын.Мүмкін біреуге сабақ болар .Сәл нәрсеге өкпе артып, отбасын бұзып,кейін өкініп жүрмесін деген оймен жазып отырмын.
Жалықтым... Іштен тынып күн кешуден, бəрі жақсы деп бақытты түр жасаудан. Бір рет қисайған жүк түзелуі екі талай екен. Екінші рет тұрмыс құрғаныма көп болмады. Бірінші күйеуіммен тату-тəтті өмір сүріп жүрген уағымда, арамыз бір айда бір-бірімізді қызғанамыз деп суыды.
Күйеуімді қызғанбауым мүмкін емес-тін. Актер мамандығын бітірген, қыз біткен артынан жүгіре жөнелетін. Иə, ажырасуыма сəттік ашуға бой беріп, үйден оған айтпай кетіп қалғаным себеп болды. Өнер адамы болғаннан кейін сан түрлі жандармен байланыс жасағаны лаулайын деп тұрған отқа тамызық салғандай болды.
Жүйкем жұқа. Жан баласынан өзімді кем санап тұратын бала кезден жаман мінезім бар. Жаман мінез - жанға дерт қой. Өзім жетімдер үйінде өскен қыз едім. Отбасы ұғымын мүмкін дұрыс қабылдай алмайтын шығармын. Біреудің мені сүйгені алғаш рет. Алғаш рет маған жан жылуы төгілді. Бұның барлығын бағалауға əрі бағамдауға ақылым қысқалық қылғандай. Жолдасымның əрбір адымын аңдимын деп, дос-жаранының алдында абыройын талай төктім. Үйден бір күнде оған қайда барарымды айтпай шығып кете бардым. Ақымақтық екенін білемін. Бір ғана ішімдегі күдікті жеңе алмадым. Сол себепті үн-түнсіз кетіп қалуды дұрыс санадым. Мəн-жайды ашуға сол сəт құлқым болмады. Күйеуім намысты жігіт болатын. Екі рет қоңырау шалды. Екі рет іздеп келді. Мен сөйлеспей қойдым. Себебі мен оған өзімді лайық санаған жоқпын. Мүмкін, өнер адамына жар болуға дайын болмаған шығармын.
Күйеуімнің қадірін екінші рет тұрмысқа шыққанымда түсіндім ғой. Қазіргі күйеуім қарапайым адам. Арамызда сезім оты мүлдем жоқ. Бір балалар үйінде тəрбиеленгенбіз. Тағдырласым деп, жанымды түсінер деп сезімін білдіргенін де меселін қайтармадым. Шешімім үшін біреу кінəлі деп айта алмаймын. Жазғыруға қақым жоқ. Бағымды бағаламаған өзім, қадірін ұқпаған өзім. Адамға бақ бір рет қонады дейді ғой. Қазір бір нəрсе жазуға дұрыс сөз таба алмай тұрмын. Ол мені алақанына салып, аялағаннан басқа ештеңе жасаған жоқ. Барлығын бұзған өзім. Қазір бəрі кеш! Бірінші жолдасым үйленуге əзірленіп жүр деп естідім. Естігелі бері өзегім өртеніп, қызғанышым бұрынғыдан бетер лаулағандай. Қайтейін?
Сандуғаш
Алматы облысы