Мәжілісте халық медицинасын желеу етіп, заңсыз қызмет көрсетіп жүрген орталықтарға қатысты мәселе көтерілді- деп хабарлайды el24.kz

Депутаттар ел ішінде «Шығыс медицинасы», «Қытай медицинасы», «инемен емдеу», «мануалды терапия» деген атаулармен жұмыс істейтін кейбір мекемелердің әрекеті азаматтардың денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отырғанына алаңдаулы.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевтың айтуынша, соңғы уақытта мұндай орталықтарға қатысты халықтың шағымы күрт артқан. Көп жағдайда ем жүргізіп жүрген адамдардың медициналық білімі мен тиісті лицензиясы жоқ. Сонымен қатар ем-шаралар барысында санитарлық талаптар сақталмайды, шығу тегі белгісіз дәрі-дәрмектер мен қоспалар қолданылып жатады.

Депутаттың мәліметінше, кейбір «емшілер» ауыр әрі созылмалы дерттерді жазамыз деп уәде беріп, науқастардың үмітін пайдаланып, қаржылай пайда табуды көздейді. Арасында өзін білікті дәрігер ретінде таныстыратын шетел азаматтарының бірнеше ай ғана жұмыс істеп, кейін орталықты жауып, елден кетіп қалған жағдайлары да анықталған.

Аманжол Әлтаев негізгі қауіп пациенттердің қауіпсіздігіне байланысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, инвазивті рәсімдер тиісті қауіпсіздік хаттамаларынсыз жүргізіліп, стерильділік стандарттары жиі бұзылады. Медициналық қалдықтарды жою талаптары сақталмайды, ал «препарат», «дәрумен», «қоспа» ретінде ұсынылатын өнімдердің тіркелуі мен таңбалануы күмән тудырады.

Сонымен қатар онлайн-жарнамаларда ауыр диагноздарды толық емдеуге уәде беру фактілері жиілеген. Бұл пациенттерді жаңылыстырып, олардың денсаулығына зиян келтіру қаупін арттырады.

Осыған байланысты депутат мұндай орталықтардың қызметін заң аясында қатаң бақылауға алып, лицензиялау, жарнама және медициналық қауіпсіздік талаптарын күшейтуді ұсынды. Мәжілісте бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.