Астанада азот оксидін заңсыз сату деректері анықталды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлімдеді,-деп хабарлайды el24.kz.
Қалалық прокуратураның үйлестіруімен Полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық және жедел іс-шаралар кешенін жүргізген. Нәтижесінде бірқатар көңіл көтеру орындарында 20-дан астам азот тотығы баллоны анықталып, тәркіленді.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабының 1-бөлігіне сәйкес алты қылмыстық іс қозғалды.
Прокуратура мәліметінше, азот тотығын, яғни «күлдіретін газды» заңсыз сату қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Аталған зат күшті әсер ететін заттар санатына жатады және азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
Оны тұтынуға байланысты денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ өліммен аяқталған жағдайлар тіркелген. Сонымен қатар бұл затты пайдалану азаматтардың есірткі заттарын қолдануға тартылуына жиі себеп болатыны атап өтілді.
Астана қаласының прокуратурасы күшті әсер ететін заттардың, оның ішінде азот тотығының заңсыз айналымы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Атап айтқанда, мұндай құқықбұзушылық үшін мүлікті тәркілеумен қатар 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
