фото видеодан скриншот жасалды
Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болған оқыс оқиғадан кейін білім беру ұйымының директоры қызметінен босатылды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода 10-сынып оқушысының қолына балта ұстап, өзге балаларды қуалаған сәті көрініс тапқан. Бұл жағдайға Оқу-ағарту министрлігі дереу назар аударып, өңірге арнайы комиссия жіберді.
Комиссия мектептердегі қауіпсіздік шаралары мен тәрбие жұмысының ұйымдастырылуын жан-жақты тексеретін болады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектептерде орын алатын кез келген құқық бұзушылық, оның ішінде буллинг, төбелес пен әлімжеттік заң аясында нақты бағалануы тиіс. Осыған байланысты Құлсары қаласындағы аталған мектептің директоры қызметінен босатылды.
Еске салсақ, 5 ақпанда «102» қызметіне Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде жасөспірімдер арасында жанжал туындағаны жөнінде хабар түскен. Жанжал соңы шабуылға ұласып, оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған.
Полиция қызметкерлері 10-сынып оқушысын ұстады. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, ол ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды.
Осы оқиға қоғам мен білім беру саласын мектептегі қауіпсіздікті күшейту және балалар арасындағы буллингтің алдын алу мәселесіне назар аударуға мәжбүр етті.
