el24.kz  Атырау қаласында өзін «хакер» ретінде таныстырған азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жаңа ресми мәліметтер белгілі болды.

Атырау облысының полиция департаменті мәліметінше, 2025 жылдың сәуір айында алаяқтық дерегі бойынша төрт арыз тіркеліп, соның негізінде қылмыстық іс қозғалған. Тергеу материалдарына сәйкес, іс төрт эпизодтан тұрады.

Полиция аталған қылмыстық істің Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалған отбасы ісіне қатысы жоқ екенін нақтылады.

Ресми деректерге сүйенсек, күдікті 2025 жылдың сәуір айында Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Әлеуметтік желілерде өз бетінше «тергеу жүргізіп жатқанын» мәлімдеп, түрлі жазбалар жариялаған уақытта ол шетелде болған. Осыған байланысты күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың күзінде Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған. Кейінірек үй ауласынан ерлі-зайыптының мәйіттері табылған. Ал олардың екі баласы әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.

Аталған дерек бойынша кісі өлтірді деген күдікпен 29 жастағы күйеу бала — Сұлтан Сәрсемәлиевге іздеу жарияланған. Полиция күдіктінің орналасқан жері белгілі екенін және оны жақын арада ұстау мүмкін екенін мәлімдеді.

Құзырлы органдар азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады.