el24.kz Жамбыл облысы аумағындағы әскери бөлімде орын алған әлімжеттік дерегіне байланысты бірқатар лауазымды офицер қызметінен босатылды. Қазіргі уақытта Отар кентінде кезектен тыс тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия жұмыс істеуде.
Тексеріс 18 жастағы мерзімді әскери қызметшінің ауыр дене жарақаттарымен әскери госпитальге түсуінен кейін басталған. Ресми мәліметке сәйкес, сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынған.
Әйгерім Ағылтаева, **Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі**нің ресми өкілі, тексеріс нәтижесі бойынша қабылданған шешімдерге тоқталды. Оның айтуынша, басшылық құрамдағы төрт лауазымды тұлға — әскери бөлім командирі, тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметінен босатылған.
Сонымен қатар қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаған бірнеше лауазымды қызметкерге ескерту жарияланған. Ал сарбаздар тікелей бағынатын сержанттарға қатаң тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.
Ресми ақпаратқа сәйкес, аталған оқиға Гвардейск әскери гарнизоны аумағында мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген **Есбол Қапар**ға қатысты болған. Сарбаздың соққыға жығылғаны жөнінде оның ата-анасы хабарлаған. Олардың айтуынша, жарақат алған ұлдары екі апта бойы пәтерде ұсталған.
Қазіргі уақытта Есбол Қапар Алматы қаласындағы әскери госпитальде ем қабылдап жатыр. Оқиғаға байланысты тексеріс жалғасуда, кінәлі тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру мәселесі уәкілетті органдар тарапынан қаралатын болады.
