el24.kz Ақтөбе қаласында Qarakesek лақап атымен танымал әнші **Омар Амантаев**ке қатысты сот үкімі шықты. Сот шешіміне сәйкес, 31 жастағы музыкант 100 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттелді.
Іс материалдарына сәйкес, сот отырысына айыпталушы белгіленген уақытта келмеген. Себепсіз қатыспауына байланысты сот оны мәжбүрлеп жеткізу туралы шешім қабылдаған. Осылайша, ол сот залына құқық қорғау органдарының көмегімен жеткізілді.
Белгілі болғандай, Qarakesek 2025 жылдың күзінде ұсталған. Тергеу барысында оның көлікті есірткілік масаң күйде басқарғаны анықталған. Көлікті тінту кезінде тәртіп сақшылары синтетикалық есірткі салынған zip-пакетті тәркілеген. Бұған дейін ол көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.
Бұл жолы сот оны есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды. Нәтижесінде, әншіге 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Қоғамдық жұмыстар пробация қызметінің және құқық қорғау органдарының бақылауымен орындалады. Ол көше тазалау және өзге де әлеуметтік маңызы бар жұмыстарға тартылады.
Сот барысында айыпталушы қоғамдық жұмыс жазасын айыппұлмен алмастыруды сұрап, бұл шараның шығармашылық қызметіне, атап айтқанда концерттік жұмыстарына кедергі келтіретінін мәлімдеген. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Тұрсынхан Салихов, Ақтөбе қаласы №2 сотының судьясы, үкімді жариялау кезінде айыпталушыға психиатрдың амбулаториялық мәжбүрлі бақылауымен емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы тағайындалғанын айтты. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстан жалтарған жағдайда, әрбір орындалмаған төрт сағат үшін бір тәулік қамауға алу жазасы қолданылатыны түсіндірілді.
Сот шешіміне сәйкес, жаза толық өтелгенге дейін Qarakesek пробациялық бақылауда болады.
