el24.kz Танымал журналист Жанат Жақсыбайқызы Атырау облысында жасалған ауыр қылмысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қос кісі өлтіру дерегі бойынша күдіктілер анықталып, ұсталған.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі шетелдік әріптестерімен бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды Ломбок аралы аумағында қолға түсірген.
Ол Индонезия Республикасындағы Сенару ауылында ұсталған.
Күдікті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Аса ауыр қылмыс») бойынша жауапқа тартылып отыр. Сонымен қатар, онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, іске асырған. Қылмыстан кейін ол мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жоюға әрекет жасаған. Сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен ақшасын иемденгені анықталды.
Қазіргі таңда ұсталған тұлғаларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
