el24.kz Қасым-Жомарт Тоқаев Ирандағы ахуалға байланысты елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық күштік құрылымдары тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Құзырлы органдар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу шараларын күшейтті.
Президент жауапты ведомстволарға Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ стратегиялық нысандар мен инфрақұрылымдардың қорғалуын күшейту жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар тиісті мемлекеттік органдарға сыртқы саяси ахуалдың дамуын мұқият қадағалап, қажет болған жағдайда жедел әрекет ету шараларын қабылдау міндеттелді.
Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Қосымша ақпарат ресми дереккөздер арқылы жарияланатын болады.
