el24.kz Астана қаласының прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді екі рет сату дерегі бойынша қылмыстық істің сотқа жолданғанын хабарлайды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті тұлғалар құрылыс компаниясының қызметкерлері бола отырып, «Qyran» тұрғын үй кешенінің пәтерлерін екі рет сату арқылы азаматтарды алдағаны анықталды.

Тергеу мәліметінше, олар International Invest Company IIC ЖШС-нің атынан әрекет етіп, жылжымайтын мүлікті сату сылтауымен азаматтарға пәтер макеттерін, техникалық паспорттарды және өзге де құжаттарды көрсеткен.

Сондай-ақ, тұрғындарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарықтық құнынан төмен бағамен сатып алу ұсынылған.

Алайда сатып алу-сату шарттарын ресімдеудің орнына күдіктілер мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттарын, кепілге беру туралы келісімдерді және алдын ала шарттарды жасаған. Алданған азаматтар төлемдерді күдіктілердің жеке шоттарына аудару арқылы немесе қолма-қол ақшамен жүргізген.

Компания қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің салдарынан келтірілген жалпы шығын көлемі 8 млрд теңгеден асты.

Сот санкциясымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды.

Қазіргі таңда үш күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, ал төртінші күдіктіге «кепіл» түріндегі шара таңдалды.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.