el24.kz Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылынан жоғалып кеткен отбасыға қатысты іс бойынша іздеуде жүрген күдіктілер Атырауға жеткізілді.

Дереккөздердің мәліметінше, негізгі күдікті ретінде қарастырылып отырған Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 9 наурыз күні Алматыдан ұшып келген рейспен Атырау қаласына жеткізілген. Қазіргі уақытта олар тергеу органдарының қарауында.

Еске салайық, 2025 жылы өңірдің төрт тұрғыны із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, бауырының отбасымен бірге ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін мәлімдеген.

Жоғалғандар – Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылының тұрғындары. Олар қараша айында үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан бері қайта оралмаған. Іздеуде болғандардың арасында ерлі-зайыптылар және олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы болған.

Іздестіру барысында жоғалғандардың ұялы телефондары Қазақстан аумағында бірнеше рет қосылып-өшіп тұрғаны анықталған. Соңғы рет олардың байланысы Шымкент қаласында тіркелген.

Кейін, 2026 жылдың 6 қаңтарында ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстың барлық мән-жайын анықтауда.