Ерсін Ерғалиев
Ереке, - деді досым Еркін,- тарғыл мысығым сөйлеген сөздерді түсінеді деуші едім ғой. Енді міне қарашы «Алаш айнасы», «Ел24кз», «tengrinews.kz» интернет сайттары мысықтың қасиеттері туралы жазыпты. Аталмыш порталда жазылған мақалалармен танысқан соң айтқандарымның шынайылығына көзім жеткендей болып отыр.
Тіптен мысығымның тағы бір ерекше қасиетін байқағандай болдым. Ол былай болған еді:
- Кеш түсе мысығым далаға шығып кеткен, есікті іштен кілттеп қойдым. Өзім түн ортасына дейін компьютермен жұмыс істеп отырып қалдым. Бір уақытта есік жақтан қыбырлаған дыбыс шықты. Қарасам, О, Тоба!?. Мысығым есікті бөгет қылмай үйге кіріп келе жатты. Алғашқыда шаршағанан соң солай көрінген болар, әлде есік дұрыс жабылмағаннан да болар деп мән бермей, жұмысымды әрі қарай жалғастыра бердім. Жұмысымды аяқтаған соң есікті тексерсем, есік кілтте тұр. Денем түршігіп кетті. Пырылдап жатқан мысығыма қараймын, өз мысығым. Қайран қалдым. Мысығым жабық есіктен ішке қалай тіке(насквозь) өтіп отыр? Түсініксіз? – деген кезде мен де елеңдеп:
- Ендеше мысықтың біз білмейтін тағы бір қасиеті бар дегің келіп тұр ма? – дедім.
- Иә. Ертеңіне үй-іші жандарына болған жайды айтып едім, олар да «мысыққа есік ашпасақ та, үйдің ішінде жүргеніне таңғалушы едік» дейді. Енді мысықтың есіктен тіке өткенін көрдім ғой. Демек мысықтың қысылтаяң кезде физикалық денеден астралды денеге ауыса алатын қасиеті болып тұр ма? Бірақ, қалайша!?. Жұмбақ? Қазір мысықтың «тылсым әдісіне» көзімді жеткізу үшін оны аңдып жүрмін. Бірақ қырсық шалғанда ол менің ойымды сезіп қойғандай түн ұйқымды бұзып есікті тырналап тұрғаны. Дегенмен оның сырын бір күні ашармын, - деді Еркін.
Мен досымның айтқандарына сенерімді, не сенбесімді білмедім. Егер мысық физикалық денеден бөгетсіз өтетін болса, онда оның бойында тағы қандай ерекше қасиет болып тұрғаны ма?- деп мен де таңырқап қалдым.