el24.kz Павлодар қаласының мектебінде оқитын Айханым Оқасова өзінің ерекше қабілетінің арқасында 17 жасында Астанадан жеке пәтер сатып алды. Тоғыз тілді меңгерген полиглот қыз бұл жетістікке репетиторлық қызмет көрсету арқылы қол жеткізді.

Айханым шет тілдерін 6-сыныптан бастап үйрене бастаған. Көпшілігін ол өз бетінше меңгерген. Қазіргі таңда бойжеткен әлемнің түкпір-түкпіріндегі шәкірттеріне онлайн сабақтар береді.

Оқушының тіл үйрену әдістері де ерекше:

  • Орыс және қазақ тіліндегі мақалаларды аудару;

  • Араб тілінен корей тіліне, қытай тілінен ағылшын тіліне тікелей аударма жасау;

  • Әлеуметтік желі арқылы шетелдік достар тауып, сөйлесу арқылы тәжірибе жинау.

«Мен материалдарды бір тілден екінші тілге аудару арқылы машықтандым. Мысалы, қытай тіліндегі мәтінді бірден ағылшыншаға аудардым», — дейді Айханым Оқасова.

Мектепті оқып жүрген кезде кәсіп бастаған оқушы қаржы сауаттылығын жақсы меңгерген. Нәтижесінде, ол ешкімнің көмегінсіз Астанадан жеке пәтер сатып алды.

Айханымның алдағы жоспарлары ауқымды: әлемнің беделді университетіне оқуға түсу, саяхат жасап жаңа мәдениеттермен танысу және тіл үйрету әдістемесін әрі қарай дамыту.