1997 жылы ойламаған жерден түсік тастап ауруханаға түстім. Алдында тексеріп көрген дәрігерлер баланы сақтап қалуға болады деген жорамалмен мені емдеуге алды.

Бірақ бір аптадан астам ем қабылдаған маған ешқандай дәрі –дәрмектің көмегі тимегенін білген дәрігерлер аяқ астынан баланы алып тастауға шешім қабылдады. Бірақ бесінші айға кетіп бара жатқан ішімдегі шарананы алу оңай емесін біліп жалпы наркоз беруін өтіндім.

Сонымен жиырма минутқа созылу керек тазалау жұмысы басталып та кеткен. Бірақ мен есімді жиғанда сағат кешкі бестің шамасы еді, ал мен ота үстеліне түскі екіде жатқанмын. Оянғанымда сонша үреймен қарап тұрған дәрігерді көріп таңданып қалдым. Сен бізді өзіңмен қосып өлтіре жаздағаныңды білесің ба?- дейді медбике бір кезде. Өз-өзіме келгенде барып мән-жайды ұқтым. Тазалау кезінде менің жүрегім бірнеше минутқа тоқтап қалған көрінеді. Есі шыққан дәрігерлер менің екі бетімнен шапалақтай берген сияқты. Екі жағым ауырып тұр. Ес-түссіз жатқандағы жай күйімді есіме түсіре бастадым. Жаңа ғана бір жерден келгенімді анық білемін...

 

Өте әдемі жер... Түстердің соншалықты көптігі анық ажырата алмаймын. Бала күнімізде жаңбырдан кейін асфальтта машиналардан төгілген жанармайдың түсі күнге шағылысып құбылып жататын. Бұл қандай түске жатады деп сұраушы едік бір-бірімізден. Сол сияқты бір біріне араласып кеткен анық қай туске жатқызарыңды білмейтін керемет, ғажайып түстердің арасында жүрмін. Мені біреу әдемі дауыспен шақырады. Бірақ ол адамның кім екенін есіме түсіре алатын емеспін. Өз атымды өзім ұмытып, өзімнің кім екенімді ұмытып тұрмын. Ол кімнің аты еді деймін. Мен кіммін деп үстіме қараймын,бірақ ештеңе көрінбейді. Мен кіммін, аталып жатқан кімнің аты, қайдамын бәрі таңсық. Әдемі әуен естіліп жатыр. Үңіліп үстіме қараймын,бірақ ештеңе көрінбейді. Бір кезде ақ киінген екі адам екі жағымнан ұстады да шыңырауға түсіп келе жатқандай төмен қарай құлдилап келе жаттық. Бір жерге келгенде екеуі де жоқ болды. Құлағыма есіңді жый, көзіңді аш деген сөздер келе бастады.

 

Ертеңіне орнымнан тұруға рұқсат берген соң жаймен дәлізге шықтым. Аурухана дәлізінде емделіп жатқан әйелдер маған тура бір аруақ көргендеә таңдана қарап, кей біреуінің мынау кешегі жүрегі тоқтап қалды деп жатқан келіншек қой деп сыбырласып жатқанын естіп қалдым.

 

Бірнеше уақыт өтіп, өз-өзіме келген соң қазақ емеспіз бе емшіге де көріне салуды жөн көрдім. Емші алақаныма қарап отырып сен екі рет ана дүниені көріп келген екенсің деді. Түнде көрген түсің күндіз қайталанып жатады екен, не ойласаң да жақсы нәрсе ойла деді. Үйге келген соң анама телефон соғып болған жағдайды айтып бердім. Ол бала кезімде қатты ауырып ауруханада «кайтыс болғанымды» айтты. Бірақ ақтық сапарға шығарып салуға әйелдер жуындырмақ болып ашқанда қимылдап жатқан мені көріп шошып кеткен көрінеді.

 

Теледидардан бір кездері соғысқа қатысқан, бірақ мина жарылып үйінді астында қалып «қаза» тауып он төрт күннен кейін моргте есін жиған қарияның ана дүниеде көргенін естігенде дәл өзімнің көргенім есіме түскен еді. Не деген ұқсастық деп ойлап едім сол кезде. Өмірде барлығы бола береді екен –ау ...

 



Бану, Алматы 

alashainasy