Жоғарғы класта оқып жүргенде жаз айларында ұл балалардың көбі уақытша жұмыс істеп, ақша табуға тырысатын. Ол кезде балалар істейтін жұмыс та көп еместұғын. Оған қоса жауапкершіліктен қорқып балаларды жұмысқа алмайтын. Сондықтан таныс-біліс арқылы іздестіріп, табылған жұмысты істей беретінбіз.


Сол жылы жазда көршіміз қабірстандағы табытшыға көмекші қажет екенін айтты. Табытшының аты-жөнін сұрап алдым да қабірістанға бардым. Көршінің жібергенін айттым. Табытшы көп сөйлемейтін кісі екен. Маған міндетімді қысқашы түсіндіріп, алатын жалақымның мөлшерін айтты да қолыма көше сыпыратын сыпыртқы ұстатты.

Менің міндетім – қабірстанның ішін сыпырып-тазалау. Сонан соң табытшыға белгісіз адамдарды жерлеуге көмектесу. Белгісіз, туған-туысы жоқ адамдардың жиі жерленетінін сонда білдім. Табытшы оларды киіндіріп, табытқа салып көмеді екен. Сол үшін үкіметтен жалақы алады және тапсырыспен табыт жасап көлденең ақша табатын көрінеді. Сондықтан қабірстанның ішін тазалауға уақыты жетпейді екен.

Солай жұмыс басталды. Тек дайын табыттар мен белгісіздердің мәйіті тұратын қойманы тазалау маған қиындау болды. Өйткені қойманың ішінде үнемі жағымсыз иіс тұрады. Сонан кейін ол жерде мәйіттердің жатқанын білген соң, бойымды қорқыныш билеп, мазам кететін. Әйтеуір тез-тез сыпырып-тазалап, шығып кетуге асығатынмын. Қорыққан соң ішін тазалағанда қойманың есігін ашып қоятынмын.
Бірде, әдеттегіше қойманың есігін ашып қойып, ішін тазалап жатқам. Жел ұйытқып, қойманың есігі жабылып қалды. Қорыққаннан құйқам шымырлап кетті. Жүгіріп барып есікті ашайын десем есік ашылмайды. Әрі-бері жұлқыладым, ашылмады. Бойымды қорқыныш билей бастады. Көзіме табыттар қозғалып, табыт ішінен ыңыранған дауыстар шыққан сияқты болды. Табыттардың ағашы сықырлайтын секілді. Жаным мұрнымның ұшына келді. Сол сәтте ту сыртымнан біреу «әй» десе жүрегім жарылып кететін шығар. Енді шындап қорқа бастадым. Есікті соққылап, айғайлап табытшыны шақырдым. Қас қылғанда табытшының табыт жасайтын шеберханасы қоймадан әудем жерде орналасқан еді. Қанша айғайласам да ол кісіден жауап болмады.

  • Түс ауған мезгіл болатын. Ондай кезде қабірстанға келушілер де некен-саяқ болады. Енді ешкімнен қайран болмасын ұқтым. Шығатын жер іздеп, жан-жағымды көзбен шола бастадым. Іздегенім табылғандай. Қойманың жоғарғы жақ қабырғасындағы кішкентай тесіктердің біріне адам сиятын сияқты. Бірақ дәл сол тесіктің астында екі қабат сөре тұр. Бірінші қабатында табыттар жинаулы екен. Ішінде мәйіт бар шығар деген ой келгенде жон арқымнан құмырсқа жүгіріп өткендей болды. Денем тітіркеніп кетті.
    Бірақ өзге амал жоқ. Не болса да бірінші қабаттағы табыттардың үстінен аттап, екінші қабатқа шығып, тесікке жету керек. Енді мында тағы біраз тұрсам табыттар жүре бастайтын сияқты. Тәуекелге бел байлап, төр қабырғадағы сөреге қарай жүрдім. 4-5 қадам басқанда оң жақ қабырғада сүйеулі тұрған табыт құлап кетті. Қақпағы ашылып, ішінен адам секілді бірдеңе маған қарай домалағанда жан даусым шығып айғайлап, сөреге қалай шығып кеткенімді білмей де қалдым. Сөренің екінші қабатына шыққан соң артыма қарасам, жаңағы табыттан домалап шыққан ескі дорожка екен. Ол жерден тез шығуға асығып қабырғадағы тесікке қарай жүре бергенде сөреге төселген тақтай сынып кетіп, бірінші қабаттағы табыттың үстіне түстім. Қақпағы ойылып, бір аяғым табыттың ішіне кіріп кетті. Сол сәтте сөренің жақтауынан ұстап үлгердім. Аяғыма ағаштың жаңқасы кіріп, жанымды шығарып барады. Қанша талпынсам да аяғымды табыттан шығара алмадым. Құдды аяғымды қақпан қапқандай аяғымның ауырғаны жаныма қатты батып барады. Бұл қақпаннан өзім құтыла алмасымды білген соң бар даусыммен айғайлап, көмекке шақырдым. Абырой болғанда сол сәтте табытшы темекі шегу үшін шеберханадан шығып, менің айғайымды есітіпті. Ол келіп есікті ашқанда жарық дүниенің есігі ашылғандай болды. Ол табыттың қақпағын сындырып аяғымды босатып, мені жерге түсіріп алды. Бірақ мен өздігімнен жүре алмадым. Аяғым ауырып бастырмады.
    Табытшы мені машинасына отырғызып, дәрігерге апарды. Аяғымның қанын сүртіп-тазалаған соң не болғанын сұрады. «Аяғыма ағаштың жаңғасы кіріп кетті» деген жауабыма таңырқай қараған дәрігер «жарақат ағаш жаңқасынан емес, мынау тістердің ізі» дегенде біз аң-таң болдық. Сонан соң дәрігер менің аяғымды дәкемен таңып болды да табытшыға «сіз қала тұрыңыз» деді қала тұрыңыз» деді де, маған «сен дәлізге шығып күте тұр» деді.
    Олар 5-10 минуттай сөйлесті. Дәрігердің алдынан шыққанда табытшының жүзінен үрей байқадым. Қанша сұрасам да ол дәрігердің не дегені жайлы тіс жармады.
    Сол жағдайдан кейін жұмысты қойдым. Аяғым жазылғанға дейін үйде жаттым. Арада екі ай өтпей табытшы жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ол жайлы көршіден естідім. Әлі күнге дейін «табыт ішінде аяғымды қапқан не болды екен?» деген сауал ойға жиі оралып тұрады.