Қазақтың «әйелің әртіс болмасын, күйеуің таксист болмасын» деген жаңа мақалына орай жазылған мақалаға оқырман тарапынан үн қосылды.

Біздің бір оқырманымыздың айтқысы келгені – «Әйелің әнші болмасын» дегенге саяды екен. «Әйелімді әнші қыламын деп, шаңырағымды шайқап алдым» деп жазған хатын келтірмекпіз:

«Үйленгеніме небәрі екі жыл болды. Әйелім де, мен де қарапайым шаңырақтан шыққанбыз. Жеке үй алуға мүмкіндік болмаған соң, әке-шешеммен бірге тұрдық. Мен – ауылдағы орта мектепте мұғаліммін. Әйелім жұмыссыз (ауыл ғой, қайдан жұмыc болсын). Бірақ домбыра, гитараға мықты, тәп-тәуір әншілігі де бар еді. Бірде әйелім ауылдағы бір тойда жұрт қолқалаған соң гитарамен әл салып бергенСол тойда Шымқаладан келген бір келіншек отырған. Сол келіп әйеліме жатты да жабысты.

«Ауылда қор болып жүрсің. Менімен жүр. Менің биші қыздарым бар. Солармен бірге жүріп, Шымкенттегі тойларда ән саласың. Ақша ағылып өзі келеді. Бір жылда үй аласың, қатқан көлік мінесің. Мына әніңмен, мына сұлу, сымбатты түріңмен қашанғы ауылдың шаңына батып жүре бересің? Дөкейлердің көзіне түсесің. Жағдайың жаман болмайды», демесі бар ма?

Содан кейін-ақ әйелімнің дегбірі кетті. Мен де ойландым. Ақыры, әйелімнің әлгі келіншекке қосылып ән салуына қарсы болмадым. Несі бар, көрейік деп шештік. Шымқала ауылымыздан алыс емес. Телефон арқылы жиі хабарласып тұратын болып, әйелім жүріп кетті.

Алғашында жаман болған жоқ. Әйелім бір аптада біраз ақша тапты. Қазіргі Шымкент ән мен жырдың, той-томалақтың мекені ғой. Тойдың түрі көп.

«Екеуіміз екі жақта жүргеніміз дұрыс болмас. Жұмыстан шық. Шымкентте пәтер жалдап тұрайық. Қалғанын амалдай жатармыз» деді.

Жұмыстан шықтым. Пәтер жалдадық. Содан бастап Құдай атты. Күнде той. Тойшыл әйелім тіпті түнде үйге қонуды да қойды. «Қайдасың?» десем, ана тойда, мына дөкейдің тойындамын» дейді.

Көңіліме күдік кірді. Бірақ не істеймін? Әйтеуір үйге ақша келіп жатқан соң үндемедім. Ал әйелім енді құлпырып кетті. Көйлектен-көйлек, киімнен-киім алды. «Тойда керек» деп қояды. Денесін жалаңаштап, барған сайын қысқа киетін болды. Онысы онсыз да сымбатты денесіне жарасып, сұлулығын аша түсті.

Бір күні түнде әйелімнің дауысынан оянып кеттім. Ұйқысырап жатыр екен.

«Қойшы, Сейсен аға, күйеуім бар. Ұят емес пе? Қойыңызшы, ах…» деп қояды.

Жұлқып ояттым. «Не деп жатырсың? Сейсенің кім?»,  деймін ғой.

«Түүу сен де, адамның түсіне не кірмейді. Қайдағыны айтпашы» деп аунап түсті.

Содан бастап тіпті жаман болдым. Әйелім кейде тойларынан таң ата келеді. Бір-екі рет дәу қара джиптен түсіп жатқанын көрдім. Өкіндім. Баяғыдай мен мұғалім, әйелім үйде отырғаны әлдеқайда жақсы екен. Сол күндерді сағынатын болдым.

Бірде «үйленгенімізге біраз болды. Бір шыр еткен керек емес пе?» деп едім, «қазір бала туатын заман ба, спираль салдырып алдым» демесі бар ма? «Кімнен, не үшін қорғанбақсың?» деп едім, «Саған бәрібір емес пе!» деп дүңк етті.

Ақыры әйеліме ие бола алмай қалдым. Өзге жақта жиі қонып қалатын болды. Сонда ғана түсіндім. Ол енді маған әйел болмайтынын. Елдің алдында жартылай жалаңаштанып, билеп, ән салып жүрген әйелге әр еркектің көзі түсетіні белгілі.

Ал ақшалы дөкейлер үшін – менің әнші әйелім ойыншық. Бірақ оны түсініп жүрген ол жоқ. Әркімнің құшағында ұшып-қонып жүре берді.

Ақыры ажырастық. Енді әйеліме «ақша тап, әнші бол» дегеніме қазір қатты өкінемін.

Сондықтан өзім секілді кей жастарға айтарым – әйелің әнші болмасын. Менің тағдырымды қайталамаса екен деймін».

Иә, Оңтүстік өңірден келген хат осындай сыр шертеді. Енді «Әйелің әртіс болмасын» деген сөзді, «Әйелің әнші болмасын» деп өзгертеміз бе, қайтеміз?

Аян Мырзабек

365info.kz