Ерсін Ерғалиев

Бала кезімде бөлмемде орыс пеші болатын,- деп бастады Еркін тамағын кенеп, - ал, орыс пешінде анамнан, тәті тоқаш дайындайтындықтан ба, бөлме іші жылы, жайлы және нанның хош иісі мұрынды жарып тұратын.

Бірде түн ортасында оянып кеттім. Терезден түскен ай сәулесінен бөлме іші бозамық тартқан. Ал бөлмемнің ортасында ақ көйлек киген өзім шамалас қыз тұр екен.

- Сен кімсің? Неге ұйықтамай жүрсің? - деймін оқыстан пайда болған қызға таңғала қарап.

- Менің есімім Райхан. Жүр ойнайық, - деп еді, - түн ғой, анам ұрсады, - деп едім, үндемеді. «Ендеше бөлмеде «тығылмақ» ойнайық» деген Райхан мені біраз әуре-сарсаңға салды. Оны таба алмай дымым құрыған кезде жанымда пайда бола кетеді. Осылай ойнап жүрген кезде есік алдында анамның маған үрейлене қарап тұрғанын байқадым. Ол:

- Құлыным-ау, жеті түнде кіммен ойнап жүрсің? – деп мені бауырына тартты.

- Қонақ қызбен ойнап жүрмін, - деп пештің қасында монтиып тұрған қызды мегзедім. Анам маған аңтарыла қарап:

- Ендеше қонақ қызды үйіне апарармын, ал сен ұйықта,- деп мені пештің үстіндегі төсегіме жатқызды. Ұйықтап бара жатқанда қыздың да, анамның да жанымда отырғанын көрдім. Сол түннен бастап қыз менімен ойнауға жиі келетін болды. Жоқ болса оны алаңдап іздейтін болдым. Күндіз қыз көрінбейді, ал түн ішінде ол мені оятып асыр салып ойнаймыз...

Енді анам мен әкем мені жандарына алып жататын болды. Бірақ, түн ішінде қаншама қатты ұйықтап жатсамда «Еркін» деп оятқан қыз дауысынан оянып кетемін, қарасам қарсы алдымда жымиып Райхан тұрғаны. Әкем мен шешем селт етпей ұйықтап жатқандары. Содан өз бөлмеме барып асыр салып ойнап жүріп ұйықтап қаламын. Анамның «саған не болды» деп менің бұл қылығыма алаңдап жүргені...

Содан бері анам мені молда, көз қарақты кісілерге апарып, үшкіртіп, үйдің ішін аластап: «Сенің алаңсыз ұйықтауың үшін істеп жүрмін» дейтін. Соның нәтижесі ме «Райхан да» келуін қойды. Бірақ ара-тұра түн ішінде атымды атаған Райханның даусын естісемде көре алмайтын болдым?...

10 сыныпты тәмәмдаған соң жоғарғы оқу орнына түстім. Оқуымның бірінші курсын аяқтап үйге демалысқа келген кезім, әдетімше жолдастарыммен қыдырып, түн ауа үйге келдім де, төсегіме қисая кетіп едім, ұйықтап кетіппін. Шырт ұйқыда жатқан мені «Еркін» деген әйел дауысы оятып жіберді. Жан-жағыма қараймын терезеден төгілген ай сәулесінен үй іші бозамық тартқан. Ал керуетімнің жанында қазақтың бүрмелі көйлегі мен оюлы камзолын киген, қос бұрымы тобығына жеткен, қара торы, қыр мұрынды, бота көз, қою қара қасты сұлу қыз бетіме тесіле қарап тұр екен. Түн ішінде қазақы болмысымен ғайыптан пайда болған қызға аң-таң боп қарап қалдым.

- Сіз кімсіз? - деймін, қызда үн жоқ. Мүмкін қарындастарыма қонаққа келген бикеш болар, қарындастарымның бөлмесіне апарайын деп ойланып қалдым.

Қыздың алдында жата бергенім әбестік болар деп басымды көтеріп едім, ол бір қадам кері шегінді.

- Сіз кімсіз? - дедім тағы да.

- Сіз мені танымай тұрсыз ба? - деді бейтаныс қыз.

- Сізді танитын әулие емеспін ғой. Есімімді біледі екенсіз, өзіңізді таныстырыңыз, - дедім.

- Райханмын. Жүріңіз далаға шығып еркін сөйлесейік, - деп қыз маған қиыла қарады. Мен не дерімді білмедім, қарындасымның құрбысы болса ұят болар деп ойладым да, дегенмен жүріңіз сөйлессек сөйлесейік, - деп орындықта ілулі тұрған киімдерімді киіп, бойымды тіктеп едім, қыздың бойы менен аласа екен.

- Кеттік, - деп Райханды соңымнан ертіп бөлмемнен шыға беріп едім, анам бөлмеме беттеп келе жатыр екен:

- Балам-ау, жеті түнде сөйлеп жүрген даусыңды естіп, соған алаңдап келіп тұрмын.

- Қарындасыма құрбысы келген бе? Адасып менің бөлмеме келіпті, енді оны бөлмесіне апарайын деп тұрмын, - дедім.

- Құлыным-ау, қайдағы құрбы қыз, - деп таң-тамаша болды анам. Мен анама қызды мегзеп көрсетіп едім.

- Балам-ау, мен ешкімді көріп тұрған жоқпын, - деді анам.

Райхан менің тасамнан көрінбей тұрған болар деп Райханды алдыма шығарып анама таныстырайын деп қолынан ұстайын десем о тоба, қолын ұстай алар емеспін. Құтты бір ет – сүйексіз жаралған жан. Мен Райханға аңтарыла қарадым, ол менің таңданысыма томсырая қарап, шегіне берді, мен де оның соңынан ілесе жүрдім. Осы кезде қыз үйдің қабырғасына тірелді де, көзден ғайып болғанда, денем мұздап кетті. Сонда ғана қыздың астралды денемен жүрген «Райханның рухы» екенін түсіндім.

Демек Анамның қызды көре алмау себебі, оның көрінбейтін бейнеде болуы екен ғой. Сонда да елестерді көре алатын қасиетіме риза болдым, тек «елес» пен адамды айыра алмайды екенмін.

Менің алаңдаған кейпімді көрген анам:

- Не болды, балам?

- Қонақ қыз деп жүргенім «Райхан қыздың рухы» екен.

- Балам-ай, «аруақтарды» көруің қайта басталды ма? Үнемі «Биссимиллаһ» деп айтып жүр, жаныңа жын-пері үйір болмайды дегенім қайда, - деп анам маған кейіп жатты.

«Шынында Анам дер кезінде келген екен, әйтпесе «тылсым қыздың» жетегінде кетіп қалар ма едім» деген ауыр оймен ұйықтап кетіппін.

Шырт ұйқыда жатқан мені тағы да "Еркін" деген әйел дауысы оятып жіберді. Қарасам алдымда Райхан тұр.

- Мені мазалап неге келе бересіз? - дедім кейіп.

- Сенімен тілдескім келеді.

- Аруақ пен адамның арасында қандай әңгіме болуы мүмкін, өз әлеміңе бар да, маған тыныштық бер.

- Тыңдашы Еркін. Мен осы уақытты көп тостым, шерімді тарқатуым керек. Біліп қой мен осы ауылдың тумасымын. Ақырғы рет Ресейде оқитын балама барғанда қатты ауырып ауруханаға түстім. Диагнозым обыр екен. Ота сәтсіз болып... енді жер бетінде менің рухым ғана жүр.

Ұлым менің сүйегімді Ресейде жерледі. О, дүниеге өткен кезде жадымнан айрылыппын. Бірде зиратыма таныс тілде сөйлеген кісілер келіп гүл шоқтарын қойғанда, өзімнің Қазақ елінен келгенімді білдім. Сол кезде есіме өткен өмірлерім біртіндеп еске түсіп, солармен ілесіп ауылға келдім. Біздің қара шаңырақта сендер тұрып жатыр екенсіңдер. Мен осы үйде тұрақтадым. Сен ол кезде жас бала болатынсың, бірақ сенің мен жүрген әлемді көретін қасиетіңді байқадым. Есіңде болса сенімен түнде келіп ойнайтын Райхан қыз мен болатынмын, - дегенде, есіме түн ішінде бірге ойнайтын қыз бала есіме түсіп, жүрегім шым ете түсті:

- Сіз сонда менімен ойнаған Райхан болдыңыз ғой? Ендеше сіз «Елес» емес, Райхан әпкемнің рухы болғаныңыз ғой? – деп даусым қарлыға шықты.

- Иә, бұл әлемде біз әр түрлі бейнеге түсе береміз, сен сәби болғанда, мен де сәби болдым, енді сен қазір бозбала жігітсің мен бойжеткен қыз болып келіп тұрмын. Сен менің немере інім боласың. Мәңгілік мекеніме кетпей жүргенімнің себебі көкірегімде жатқан сыр бар. Енді соны орындау үшін сенің көмегің қажет! - деді.

Мен ойланып қалып: «Мен Хасен Темір деген азамат туралы естігенмін. Ақсақалдар оны «Доктор Хасен» деп атайды» деген едім. «Иә, мен сол кісінің қызымын» дей беріп еді «аруақ», дәл осы кезде анамның менің бөлмеме кіріп келе жатқанын көріп, Райхан бұлдырап барып жоқ болды. Мен ұйықтаған болып жата қалдым. Анам жаныма келіп, қысқа дұғаларды оқып мені үшкірді де, шығып кетті, мен ұйықтап кеттім.

 Сол күннен бастап Райхан түн жамылып келетін болды. Бірақ ол мені қанша оятса да, күні бойы жұмыстан қалжырағаннан ба, тұруға ұйқымды қия алмадым. Бірақ «Райхан әпкемнің» мені оятатын әдетіне үйреніп алдым, кейде келмей қалса «неге келмеді екен?» деп алаңдап оны іштей елегізіп іздейтін де болдым.

Дегенмен «Райхан» туралы деректерді білуге құмартып ауыл ақсақалдарынан сұрастырдым, олар ондай қыздың болғанын, оның әкесі беделді дәрігер, білікті ұстаз болғанын білдім. Жұбайының «халық жауы» болып атылып кеткенін білдім. Бірақ мен үшін бұл деректер жеткіліксіз еді. Дегенмен мен тұрған үй 1895 жылы салынған ескі үй еді, бірде шатырдың ішін тәртіпке келтіріп жүріп, бұрынғы қожайындардан қалған ескі фотоальбомды тауып алдым. Альбомдағы көмескі тартқан ескі суреттер қызығушылық тудырмаған соң альбомды жаба берейін деп, көзім фотодағы қазақша киінген, қос бұрымы тізесіне түскен, қара торы, ботакөз қызға түсті.