Айжан екі інісін жетілдіремін, аяқтан тұрғызамын деп жүріп өзінің біраз жасқа келіп те қалғанын байқамай қалды. Інілері үйленіп бір-бір үй болып кеткенде өзінің жалғыз қалғанын түсінді.

Анасының қанша «өзіңді де ойласаңшы» — деп ескерткеніне назар аудармапты. Міне, сөйтіп жүргенде жасы отыздан да асып кетіпті. Өткенін сараптап қарап отырса, өмірі тек інілерін оқытамын, үйлендіріп үй қыламын деумен ғана өтіпті.

 Тіпті жігіттермен де кездесіп көңіл көтермеген екен. Бір жағынан істеп жүрген қызметі де өзін еліктіріп əкеткен сияқты. Тек жұмыс-үй деп жүре беріпті. Өзінің қызмет атқарып жүрген жерінде жігіттер жоқ емес, бар. Бірақ жасы келіп қалған қызға біреуінің өзі ұнаса, сөзі ұнамайды, сөзі ұнаса — көзі ұнамайды. Əйтеуір не керек, қисық жерін тауып алады.

 Сөйтіп жүргенде жұмыстарына жаңадан бастықтың орынбасары тағайындалды. Бойы ұзын, жіптей созылған, қалың қара қасты Руслан өзін сондай маңғаз ұстайтын жігіт. Жан-жағына асықпай, бар денесімен бұрылып қарайтын əдеті бар екен. Тура бір Сəкен Сейфуллин дерсің, жейдесінің жағасы кірлеп қалардай бүкіл денесімен бұрылады. Руслан туралы көп мәлімет айтылмайтын.

 Мысалы, отбасы бар ма, жоқ па, ол туралы ешкім білмейтін. Сымдай сызылған кербез жігітке біраз бойдақ қыздың көңілі ауды. «Əй, бізді қайтсін, өзі бастықтың орынбасары болса, бізді менсіне қоймас» — деп аһ ұрып жүргендер де болды.

 Айжан да анау-мынау қызметкердің бірі емес, кішігірім бастық. Жұмысқа қатысты барлық мəселелерді шешуде жиналыстарға міндетті түрде қатысады. Өзінің ісін тиянақты атқаратын Айжан қашан да тың идеяларды алға тартатын. Өзі сондай нəзік болса да сөздері жұп-жұмыр, үнемі өзінің қатаң ұстанатын принциптері бар Айжанға Русланның назары алғашқы күннен-ақ түсті. Қыз туралы білгісі келіп, əдейі кадр бөлімінің құжаттарын тексерген кейіп танытып, тұрмысқа шықпағанын да анықтап алды. Келесі бір жиналыстан соң:

 — Айжан Мұратқызы, кішкене бөгеле тұрыңызшы, Сізбен бір нəрсені ақылдасқым келеді-деп ресми түрде өтініш білдірді. Кабинеттен басқа қызметкерлер шығып кеткенде жымиып:

 — Сізді көптен бері көфе ішуге шақыру ойымда жүрген. Бір жерде қызмет атқарған соң жақынырақ таныссақ деп едім. Сіздің тың идеяларыңыз үнемі көңілімнен шығады.

 — Түсінбедім, Сіз менімен бір нəрсе ақылдасамын деп…

 Руслан Айжанға сөзін аяқтатпады:

 — Ия, қызметкерлердің алдында солай айтуыма тура келді. Əйтпесе басқаша ойлап қалулары мүмкін ғой.

 — А, ия, солай екен ғой…

 — Сонымен… Қарсы болмасаңыз, кофе емес, кешкі асқа шақырсам қалай қарайсыз?

 Айжан осы мезет ішінен қаншама ойлар ойлап үлгерді. «Не мақсатпен шақырып тұр екен? Келіспесем қалай болар екен? Өзі былай жаман адам емес сияқты. Маған да кішкене өзгеріс енгізіп сыртқа шығып тұрғаным дұрыс, бір жағынан мынадай сырбаз жігіт кешкі асқа шақырса неге бармасқа. Оның үстіне анам күніге миымды жеп жүр, жұмыстан басқа ойың жоқ, қызметіңе күйеуге шығып алғансың деп. Қолында неке жүзігі жоқ, мхым.., олай болса үйленбеген». Бұдан да терең ойлана берер ма еді, ойын Руслан бөліп жіберді.

 -Айжан Маратқызы, сонымен жауабыңызды күтіп тұрмын.

 Өзіне жарасымды жымия қарап тұрған Русланға бара алмаймын деп айту мүмкін емес сияқты. Жымиып күлгенде тіптен адамды өзіне тартып тұрады екен.

 — Жарайды!

— Онда баратын жерді менің таңдауыма рұқсат етіңіз.

 -Əрине, əрине, қалауыңыз білсін.

 Руслан Айжанды қаладағы əдемі мейрамханалардың біріне шақырды. Ас үстінде Айжанға:

 — Бұл жұмыс орны емес, сондықтан ресмилікті қойып мені Руслан деп атай беріңіз. Мен де Айжан деп атай берейін қарсы болмасаңыз, жас шамаларымыз да қатарлас сияқты ғой — деді.

 — Келістік. Онда «сізден» «сенге» көшкеніміз де дұрыс болар.

Екеуі бір күліп алды.

 Сөз арасында Руслан Айжанның отбасы туралы сұрады. Айжан анасы, інілері бар бар екенін, осы уақытқа дейін солардың қамын ойлап жүріп қалғанын айтты. Бірақ Руслан ашылып өзі жайында ештеңе айта қоймады. Тек Айжан сияқты өз жартысын əлі кездестіре алмай жүргенін тілге тиек етті. Əдемі отырыстан соң қызды үйіне шығарып салды, осылай жиі кездесіп тұруға ұсыныс жасауды да ұмытпады.

 Айжан төсегінде жатып өз-өзінен жымия берді. Сірə, сері жігіттің өзіне көңілі ауғаны ұнаған сияқты. Көзін жұмса болды, Русланның жымиып тұрған жүзі елестейді. Не де болса осы кездесудің жалғасы болғанын жаны қалап жатыр. Несі бар, екеуі де бойдақ, көңілдері жарасып жатса керемет емес пе?!

 Руслан осы кездесуден кейін ұстап, Айжанды күн құрғатпай түскі асқа да шақыратын болды. Мұнысы Айжанға ұнап та жүр. Бұрын түскі асын үнемі үйден салып əкеліп, кабинетінде жей салатын. Келесі бір кешкі аста Руслан Айжанға өз сезімін білдірді. Айжан да созбақтатпай Русланды ұнататынын айтты. Сызылып ойланатын он сегіз жаста емес екенін түсінеді. Бұл жаңалықты естіген анасы да қуанды. Соңғы кезде қызының үнемі күлімдеп жүргенін байқап, тілеуін тілеген еді.

 Айдың соңғы күндері болғандықтан бүгін Айжан қарбаласып айлық есеп жазып отыр. Барлық қызметкерлер жұмыс уақыты бітіп үйлеріне қайтып кетсе де, Айжан есебін бітірмей қайтқысы жоқ. Оның үстіне Руслан да жұмыстан кештеу шығамын деген. Ойын ұялы телефонның шырылы бөліп жіберді.

 -Алло?

 -Алло, сəлеметсіз бе?

 — Сəлеметсіз бе?

 — Бұл Айжан Маратқызы ма екен?

 — Ия, меннен қандай көмек керек?

 — Мен Айсарамын!

 — Кешіріңіз, мен Сізді танушы ма едім?

 — Танығанда қандай, танымайтын кейіп таныта қалмашы?

 — Түсінбедім…

 — Бəрін түсіндің, өтірік мəймөңкелемей-ақ қойсаң да болады!

 — Сіз əрине, кешіріп қоярсыз, бірақ мен шынында сізді танымадым, не айтқыңыз келіп тұрғанын да ұқпадым.

 — Мен Русланның əйелімін! Ол менікі! Бұдан былай оның маңына жолаушы болма!

 Мына сөздерді естіген Айжан қалшиып есеңгіреп тұрып қалды. Осы жасқа келгенде шынымен алданғаны ма? Бақытым деп жүргені өзге біреудің жары болғаны ма? Қалайша? Қалайша, махаббатымды енді таптым дегені қайда, бəрі бос сөз болғаны ма? Дəл осы сəтте ештеңеден хабары жоқ Руслан кабинетке кіріп келді. Ашудан жарылғалы отырған Айжан бар дауысымен

 — Жоғал! — деп айқайлады.

 Руслан не болғанын бірден түсінген сияқты.

 — Айжан, мен саған бəрін де түсіндіремін. Тек мені бес минут тыңдашы.

 — Жоқ, тыңдағым келмейді! Мені алдап арам ойыңды жүзеге асырғың келді ма? Мүмкін кəрі қыз деп менің үстімнен күлгің келген шығар!

 — Сен дұрыс түсінбедің. Менің саған деген сезімім адал. Ешқашан да сен туралы арам ойлаған емеспін.

 — Құрт көзіңді, жолама, сені көргім де келмейді!

 — Айжан, ашуыңды бассаң дұрыс болар еді.

 — Онда сенің шаруаң болмасын! Жоғал қане!

 — Жоқ. Мені тыңдамасаң бұл жерден кетпеймін.

 — Онда қал, мен кетемін!

 — Сен де кетпейсің!

 Үнемі есікте тұратын кілтті алып есікті ішінен құлыптап, кілтті қалтасына салып алды. Құр ашумен ештеңе шешілмейтінін

 түсінген Айжан орнына отыра кетті.

 — Жарайды! Түсіндір, егер түсіндіретін жері бар болса!

 — Айжан, олай келеке етіп сөйлеудің қажеті жоқ. Ия, рас, менің əйелім бар. Отасқанымызға сегіз жылдың жүзі болды.

 Бірақ үйімізде сəбидің күлкісі əлі естілген жоқ. Кінə əйелімнен, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Жасанды жолмен жүкті болған еді, Алла ол баланы бізге бұйыртпады. Баламды туылған кезде медбикелер жерге құлатып, соның салдарынан шетінеп кетті. Енді қайта ЭКО жасауға да келмейді екен. Оны білгенімізге де бірнеше жыл болды. Əйелі мен күйеуін біріктіріп отбасы ететін сол сəби екен ғой. Ал ол бізде жоқ, болмайды да! Əйеліммен арамыз суығалы қаша-а-ан… Тіпті бір төсекте бас қоспаймыз. Əйелім «Егер меннен басқа сүйгеніңді кездестірсең сол күні айт. Ешқандай кедергісіз келісімімді беріп ажырасамын, сенің əке атанып бақытты болғаныңды қалаймын » — деген. Мен жақын күндері оған айтып ажырасқалы жүргенмін. Себебі бізді ештеңе де байланыстырмайды. Сенімен отбасын құрып əке атанғым келеді. Болашағымды тек сенімен елестетемін, сені сүйемін! Кешіре алсаң мына ақымақты кешірші, қандай жаза берсең де көтеруге дайынмын, тек кешірші.

 Айжан үндемей тыңдады. Бірақ əйелінің хабарласып, одан аулақ жүруін талап еткенін Русланға айта алмады. Оның үстіне Руслан өзі туралы кімнен естігенін сұрап та жатпаған еді.

 — Айжан, сенің бір ауыз келісімің болса, мен бəріне дайынмын. Өзімде барды Айсараға тастап, оның бар жағдайын жасап кетемін. Барлығын сенімен бірге қайтадан бастаймын, тек сенің «ия» деген сөзің болса жеткілікті.

 Осы сөздерді айтып Руслан кілттеулі есікті ашып шығып кетті. Айжан шарасыз күйде біраз уақыт өз-өзіне келе алмай отырды. Русланның өзіне ойлануға уақыт беріп кеткенін түсінді. Не істесе екен, бəріне көз жұмып сезімнің жетегінде кетсе ме, əлде нүктесін қойып қарым-қатынасын үзгені дұрыс па?! Русланды жан-тəнімен сүйіп қалды емес пе? Бірақ бейшара бақытсыз əйелін қайтпек. Русланға ғашығыңды тапқан күні басыңды босатамын дегенімен, оның бос сөз екені Айжанға хабарласқанынан белгілі болды. Онсыз да ана бақытын сезіне алмай, баласынан туа сала айрылған бақытсыз əйелдің соңғы бақыты — күйеуін тартып алуға ары жібере қояр ма екен!?

 Айжан сол кеште көп ойланды. Барлық ойын сараптай келе Русланнан бас тартамын деп шешті. Себебі біреуді бақытсыз етіп өзі бақыт таппайтынын түсінді. Əйелінің Русланды қатты сүйетінін де аңғарды. Өз шешімін Русланға кесіп айтты. Руслан Айжанның бұл шешіміне құрметпен қарады. Тек:

 — Егер де күндердің күнінде шешіміңді өзгертіп жатсаң, менің саған əрқашан да құшағым ашық. Мен бəрібір үмітімді үзбеймін, сені сүйіп өтемін. Бірақ теңіңді тауып жатсаң, саған тек бақыт тілеймін! -деді.

 Айжан мен Русланның бір-біріне сезімдері өшпесе де, қарым-қатынастарына осылайша нүкте қойылды.

 Ия, расында, біреудің бақытсыздығынан бақыт құрай алмайсыз. Қандай жағдай болмасын ерлі-зайыптылардың өміріне үшінші болып кіру дұрыс емес. Айжан анасының тəрбиелі қызы ретінде дұрыс шешім қабылдады. Өзін Русланның əйелінің орнына қойып көрді. Онсыз да бақытсыз əйелді соңғы үмітінен айырғысы келмеді. Мүмкін Русланның əйелі өзімшілдік те жасап отырған шығар, бірақ ұя бұзған дұрыс еместігін Айжан жақсы түсінеді. Айжанның осы шешімі басқа да осыған ұқсас жайды басынан кешіп жатқан қыздарға үлгі болса екен!

Дереккөз: ikerim.kz