Боқан шалдың қазасы
Наурыз келді. Оңтүстікте күн ерте жылынады. Жер қарайып, күн көтеріліп қалған. Мал болмағасын істейтін шаруа да жоқ. Жазға салым қалаға барып, жан бағар жұмыс іздеп көрсем деген ойым бар. Менімен мектеп бітірген балалардың үшеуі ғана оқуға түсті. Қалғандары ауылда.
Олардың бітіретін бар шаруасы бастары қосылса арақ ішеді (ақшаны қайдан алатыны белгісіз). Мал баққан мен оларға көп қосыла қоймайтынмын. Дегенмен, соңғы кезде аздап араласатын болдым.
Бір күні Боқан шал қайтыс болды. Ауруы жоқ қақаңдап жүрген шал кенет екі кештің арасында басым ауырып тұр, жата тұрайын деп төсекке қисаяды да, бақи дүниеге жүріп кетеді. Жасы сексеннен асқан кісі, бәлкім кәріліктің салдары шығар.
Туған келінімен ашына болып, жүз ұялар іс істеп жүргенін білсем де, ауылдас болғасын қазасына бардым. Кеңес заманындағыдай емес, қазір жұрт аз да болса дінге бет бұра бастаған. Қосымбек молда азынатып құран оқыды. Намаз білетіндер молдамен бірге намазға тұрды.
Сол сәт неге екені белгісіз сайтан азғырды ма білмеймін, тәнімнен шығып, Боқан шалдың жайын білгім келгені. Әбден машықтанып алған мен отырып та, тұрып та, тіпті жүріп келе жатып та тәнімнен шыға алатын болғанмын.
Содан тәнімнен шықтым. Боқан шалдың денесі ортада табытта жатыр. Кебінге оралған мүрдені кілеммен жауып қойған. Тәнімнен шыққан сәт мен табытта жатқан мүрденің жанында сұр түсті кебінге оранған Боқан шалды көрдім. Ол өз мүрдесінің жанында жүрелеп отыр екен.
Құданың құдыретімен әлгінің үстіндегі кендір сияқты сұр кебіннен мүңкіген жаман иіс шығып тұрды. Тіпті, қолқаны атып әкетіп барады. Содан қашып алысырақ барып тұрдым. Намаз оқылып болған соң табыт жүк машинасының қорабына салынды. Біраз адам сонда отырды. Жас жігіттер барып жерлеуге көмектесіңдер дегесін мен де міндім машинаға.
Тәніме қайта қосылғаннан кейін бе, әлгі қолқаны атар жаман иісті сезінбедім. Ауылдан үш шақырымдай жерде үлкен қорым бар. Сонда келдік. Екі жаман «Жигулиге» мінген молда мен біраз шал да келді қорымға. Табытты жерге түсірген соң Қосымбек молда азынатып тағы да құран оқыды.
Мен тәнімнен шығып, Боқан шалды тағы да байқастап көргім келді. Ол бейшара үстіндегі сасыған кендір кебінмен мүрдесінің жанында бүрісіп отыр екен. Бір кезде жан-жағына үрейлене қарай бастады. Екі көзі шарасынан шығардай аларып кеткен.
Кенет маған көзі түскенде жеп жіберердей тесірейе қарады. Қорыққанымнан зәрем зәр түбіне кетсін. Кенет ол жаныма жетіп келіп «мыналарға айт, мені көрге көмбесін» -деді жан даусы шыға айғайға басып. Шошып кеткен мен кері шегіндім.
-Сен мені естіп тұрсың ғой, білемін, -деді ол тағы да өршелене. –Мені мыналардың ешқайсысы естімейді.Мына молда сұңқылдап намаз оқыған сайын мүрдеге байланып, тыпыр ете алар емеспін. Айт, намазын тоқтатсын. Мені көрге қоймасын.
Бірақ мен олай жасай алмайтын едім. «Намаз оқымаңдар, көрге көмбеңдер» десем, жұрттың мені ақылынан айрылған жынды деп ойлары анық. Бірақ ақыл-естен айрылған бейшара шал жалынғанын қояр емес.
Кенет молда құран оқуын тоқтатты. Сол-ақ екен бірнеше жігіт мүрдені көрге салды. Бір жақ бүйірін ойып жасалған лақатқа қойысымен, оны кірпішпен өріп, бекітті. Содан кейін көрге топырақ салына бастады. Сұмдығы сол, әлгінде ғана Боқан шалдың тәні қойылған көрден лапылдаған қызыл жалын шығып жатыр екен. Сол сәт дәл көрдің жанынан көрінген азу тістері ақсиған қап-қара киім киген қорқынышты мақұлық «қане, түс көріңе» деп дауыстады. Оның үнінің зәрлі, ащы болғаны сонша жүрегім тітіркеніп, бойымды айтып жеткісіз қорқыныш биледі
Менің елес тәнім қыбыр ете алмай әлгі қара киімдіге ежірейе қарап тас болып қатып қалғандаймын. «Құтқарыңдар, көрге салмаңдар мені» деп зар жылаған Боқан шалдың үніне құлақ салған пенде жоқ. Кенет қара киімді құбыжық Боқан шалды ілмек темірге ұқсас ұзын таяқпен іліп алып, көрге дырылдата сүйреп түсірді.
Жан дауысы шыққан байғұс шалдың денесін көрден шыққан қызыл жалын жұтып қойды. Ойбайға басқан Боқан шалдың дауысы құлақ жарардай тым ащы және өте үрейлі естілді. Иманым тас төбеме шыққандай, бойымды билеген қорқыныштан орнымнан қозғала алар емеспін.
Жігіттер көрге күрекпен топырақ тастап жатыр. Соған қарамастан, көрден шыққан қызыл жалынның тілі сумаңдап көкке көтеріледі. Боқан шалдың шыңғырған дауысы топырақтың астынан күңгірлеп естіліп тұр. Топырақ биіктеп, көр бітеліп болған кезде ғана күңгірлеген дауыс тұншығып барып басылды, қызыл жалын да өшті.
Мен өз тәніме қайта қосылдым. Бұл уақытта тәнім бір шетте қақшиып тұрған еді. Менің жаныма келген Серік «есіңнен танып қалдың ба, орныңнан қозғалмай қатып қалыпсың ғой» -деді.
-Өлікті қойғанды бірінші рет көруім, содан ба біртүрлі қорқынышты екен, -дедім мен.
-Қорқатын не бар? Өлген адам не істейді дейсің. Ертең бәріміз де сонда барамыз, -деді ол жәйбарақат.
Егер менің көргенімді көріп, Боқан шалдың құлақ жарар қорқынышты ащы даусын естіген болса, дәл мынадай сөзді айтпас еді деп ойладым.
Намазға қалай жығылдым
Боқан шалдың қазасы маған сұмдық қатты әсер етті. Құлағымнан оның ойбайлаған ащы даусы кетпей қойды. Іштей табиғаттан тыс бір құдіреттің барлығын, ол біздің әрбір ісімізді қалт жібермей бақылап отыратынын, жасаған жақсы-жаман әрекеттеріміз үшін жауап беретінімізді түйсіне түскендеймін.
Шынын айтқанда бұрын өлім дегенге, онан кейінгі өмірге онша мән бермей келіппін. Рас, тәнімнен шығу арқылы алған тәжірибем өзімнің тән емес екендігімді аздап сезінуге әсерін тигенімен, санама айналамдағылар арқылы сіңген түсінігіме ол көп әсерін тигізе алмапты.
Тіпті, мен Есбергеннің жанын қоярға жер таппай қатты қиналатыны туралы айтқан әңгімесіне де онша көңіл бөлмеппін. Тек Боқан шалдың өлімі санама сұмдық қатты әсерін тигізді. Әсіресе, оны көрге сүйреп түсірген қара киімді қорқынышты мақұлық (бәлкім жан алғыш әзірейлі періште болар) үрейімді алып, санамды түгел билеп алды.
Ойлап қарасам, Боқан шал сияқты ойнас жасамасам да, Алламен шаруам болмай, нәпсім қалағанды жасап келіппін. Қазір өлсем әлгі қара киімді қорқынышты құбыжық мені де көрге дырылдатып сүйреп түсірері кәдік. Осы ой үрейімді онан әрі алып, ұйқымды қашырды.
Мен түнде Есбергенге барып, оған көргенімді түгел айтып бердім. Ол да көзі шарасынан шығардай қатты қорқынышпен тыңдады. «Тіршілікте жасаған жақсы-жаман әрекеттеріміз үшін толықтай жауап беруге тура келетінін сезуші едім. Енді бұған көзім анық жетті» -деді содан кейін.
Өзіне өзі қол салып, елес-әруаққа айналған пенденің айтқан мына сөзі үрейімді онан әрі ұшыра түсті. Өлгеннен кейін ондай азапқа түспеу үшін не істеу қажет? Осы сауал мазамды алып, жауап таба алмай қиналдым.
Ертеңіне кешкісін жанымды жеген қорқынышты ойдан құтқарар деген үміт көшеде кездескенім болмаса, ешқашан араласпаған Қосымбек молданың үйіне апарды. «Ассалағималейкум» деп амандастым мен бар білетін мұсылмандығымды білдіріп.
-Уағалейкимуссалам. Қай баласың? –деді ол беймезгіл уақытта жүргенімнен секем алғандай.
-Бостанмын, Шәймерденнің баласы.
-А, жәй ма? -Жәй, сәлем берейін деп кіргенім ғой, -дедім не айтарымды білмей сасқалақтап.
-Е, жөн екен, -дей салды ол менің бөтен үйге жәйдан жәй келмегенімді біліп.
-Ата, менің сізге айтар бір әңгімем бар, -дедім мен бір кезде тәуекелге басып Алла деген жанға бар сырымды ақтаруға бекіп.
-Иә, айт, -деді ол менің не айтпағымды түсенбегендей таңырқай қарап.
Мен өзімнің басымнан кешкен жағдайларымды түгел жасырмай жайып салдым. Тек Бақтияр фермерді тонап, ақшасын алғанымды ғана айтқаным жоқ. Әсіресе, Боқан шалдың келінімен жасаған шаруасын, оның өлімі мен қара киімді қорқынышты құбыжықтың молаға сүйреп түсіргені туралы еш бүкпесіз баяндадым.
Сақалын тарақтап қалың ойға берілген Қосымбек молда мен әңгімемді бітіргеннен кейін де үндемей біршама уақыт отырды. Содан кейін «шынында мынау айтқаның таңғажайып нәрсе екен» -деп бір қойды.
-Әкеңнен үлкен адамға қалжыңдап тұрмаған шығарсың, егер айтқандарың рас болса, онда шынында да адам сенбестей ғажап нәрсе екен, -деді тағы да сақалын тарақтай түсіп. Мен сөзімнің растығын айтып, ант-су ішіп жатырмын.
-Жә, айтқаныңа сендім, -деді ол маған тесіле қарап. Ал сонда меннен не тілейсің?
-Ата, Боқан шал сияқты өлгеннен кейін азап шекпеу үшін не істеу қажет? Соны білгім келеді.
Мынаны естігенде оның жүзі бірден жылып сала берді. Қатулы қабағы жадырап, жүзінде жылылық пайда болды.
-Е, балам, мына жұрт Алланың барына да, өлгеннен кейін өмірдің болатынына да сенбейді. Содан ғой, адамдардың ар ұялар жаман істер жасайтыны. Саған Алланың шапағаты түсіпті, сен өлгеннен кейін адамды не күтіп тұратынын өз көзіңмен көрдің. Сол үшін енді тәубе десең болады.
Ол сақалын тарақтап үнсіз ойланып сәл отырды. Содан кейін: Балам, тозаққа түсіп, қиналғың келмесе, оның жалғыз жолы мұсылманның парыздарын адал орындап, шариғат жолымен таза жүру болады. Басқа жол жоқ, -деді.
-Сонда не істеуім қажет?
-Бес уақыт намаз оқы, қасиетті рамазан айында бір ай ауыз бекіт, қайыр-садақа бер, қолыңнан келсе қасиетті жерге – Меккеге қажылыққа бар. Содан кейін Алланың адал деген тағамын жеп, арамнан бас тарт. Арақ-шарап ішпе, зина жасама, ұрлық істеме, өтірік айтпа. Міне, осыларды жасасаң, иншалла, тозақтың отынан аман боласың.
Қосымбек молданың бұл сөзді соншалықты сеніммен айтқаны маған қатты әсер етті. Мен оған шүдәсіз сендім.
-Ата, маған намаз оқуды үйретіңізші.
Менің даусым соншалықты жалынышты шықты білем, ол маған күлімсірей жылы жүзбен қарап: әлбетте, балам, үйретемін, -деді.
Маған Қсыомбек молда сол күні кәдімгі қалың оқушы дәптеріне жазылған намаз оқуға қажетті Құран аяттарын берді. -Міне, осы аяттарды түгел жаттап ал. Содан кейін намазға қалай жығылу қажеттігін, қай уақытта қалай оқылатынын айтып түсіндіремін.
Мен Қосымбек молданың үйінен қанаттанып, көңілім көкке көтерілгендей ғажап сезімде шықтым. Еңсемді езген бар ауыртпалық осында қалғандай, өзімді жеңіл, қунақ сезіндім. Көңілім көтеріліп, бойымды билеген қорқыныш атаулы толайым жоқ болып кеткендей.
Мен ертеңіне түске дейін дәптердегі барлық аяттарды түгел жаттап алып, Қосымбек молданың үйіне бардым. Ол сол күні маған намаз оқуды үйретті. Тұңғыш рет намазға жығылдым. Дәрет алып, намаз оқығаннан кейін бойымның жеңілдегені сонша, өзімді қанат байлап, ұшатын пырақ секілді сезіндім.
Осы кезге дейін қалай білмей келгенмін, шын қуаныш, бақыт деген намаз оқып, Аллаға сену арқылы келеді екен ғой деген ойға берілдім. Бұл күн менің өмірімнің ең бақытты сәті болды десем, асыра айтқандық болмас. Көптен бері еңсемді езіп келген ауыртпалықтан, бей-жайлықтан арылғандай, өзімді дүниеге жаңа келгендей басқаша сезіндім. Шынында да, менің екінші өмірім басталған еді. Енді мен ешқашан бұрынғыдай нәпсіге беріліп, ойыма не келсе соны жасауға болады деп ойлай алмайтыным және солай өмір сүре алмайтыным анық-ты.