el24.kz Бейімбет Майлин ескерткішіне шығып суретке түскен бойжеткеннің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оқиға Астанадағы Қаламгерлер аллеясында болған.
Куәгерлердің бірі әлеуметтік желіде монумент жанында демалып отырған сәтте ескерткіш басына шығып алған қыздарды байқап, видеоға түсірген. Бейнежазба желіде кең таралып, көпшілік тарапынан сынға ұшырады.
Осыдан кейін елордалық полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, видеодағы қыздың жеке басын анықтады. Полиция мәліметінше, ол — Астананың 18 жастағы тұрғыны.
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, бойжеткен мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны үшін жауапкершілікке тартылған.
«Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – делінген ведомство хабарламасында.
Тәртіп сақшылары мәдениет және тарихи мұра нысандарына ұқыптылықпен қарау қажеттігін еске салды. Сонымен қатар ескерткіштерді қасақана бүлдіру немесе қорлау әрекеттері вандализм ретінде бағаланып, заң аясында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, Қаламгерлер аллеясындағы «Үш бәйтерек» монументі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне арналған мәдени орындардың бірі саналады.
