el24.kz Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевке байланысты сот процесі жалғасып жатқанымен, оның бұрынғы жұбайы әрі қаза тапқандардың қызы және қарындасы Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық жағдайына қатысты мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, әйел алғашында Атырауда тексеруден өткен. Кейін оған Алматы қаласындағы мамандандырылған медициналық мекемеде стационарлық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалған.

Алайда жүргізілген зерттеулерден кейін де мамандар нақты қорытынды шығармаған. Сарапшылар өз қорытындыларында Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты «әрі қарай бақылау жүргізу және диагнозды нақтылау қажет» екенін көрсеткен.

Осылайша, қазіргі уақытта оның психикалық жай-күйіне байланысты түпкілікті медициналық қорытынды жарияланған жоқ. Атырау облысының прокуратурасы бұл мәселе бойынша сараптамалық жұмыстардың жалғасып жатқанын мәлімдеді.