el24.kz Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов әлеуметтік желідегі пікірлері мен жазбалары үшін сотталған қазақстандықтарға рақымшылық жасауды ұсынды.

Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген депутат әріптестеріне үндеу жасап, жалған ақпарат таратуға қатысты айыппен сотталған азаматтарға кешіріммен қарау қажет екенін айтты.

«Менің жалғыз өтінішім – әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін сотталған қазақстандықтарға рақымшылық жасау. Әсіресе Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотталғандарға. Құдай үшін, осындай адамдарды кешірейік», – деді Ринат Зайытов.

Депутаттың айтуынша, интернет кеңістігіндегі пікірлер үшін жауапкершілік мәселесін қайта қарастыру қажет. Оның пікірінше, кейбір жағдайларда азаматтардың әрекетіне құқықтық баға берумен қатар, оларға жеңілдік жасау мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс.

Қылмыстық кодекстің 274-бабы жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді. Соңғы жылдары аталған бап бойынша қозғалған қылмыстық істер қоғамда қызу талқыланып келеді. Сарапшылар мен құқық қорғаушылар бұл мәселе бойынша түрлі көзқарас білдіріп жүр.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілердегі жазбаларға байланысты бірнеше резонансты іс тіркелді. Атап айтқанда, Threads әлеуметтік желісінде қазақтар мен мұсылмандарға қатысты қорлайтын пікірлер жариялаған Алика Мухамадиева Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп танылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ ұқсас дерек бойынша Виолетта Паршинаға қатысты Алматы қаласының полициясы қылмыстық іс қозғаған болатын. Бұл жағдайлар әлеуметтік желідегі жарияланымдардың құқықтық салдары мен сөз бостандығының шекарасы жөніндегі қоғамдық пікірталасты күшейте түсті.

Айта кету керек, Ринат Зайытовтың ұсынысы әзірге депутаттық бастама ретінде айтылды. Рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешім заңнамалық тәртіппен қабылданады.