el24.kz Түркістан облысының Келес ауданында екі баланың өмірін қиған қайғылы оқиға қоғамның қабырғасын қайыстырды. Ошақты суару каналында суға кеткен балалардың мәйіті бір тәулікке созылған іздестіру жұмыстарынан кейін табылды.

Қайғылы жағдай Келес ауданына қарасты Еңбекші ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 8 жастағы Юсуфахмет пен 13 жастағы Диас үлкендердің қарауынсыз қалған кезде канал маңына барған. Қатты ағыс балаларды ағызып әкеткен.

Марқұм балалардың анасы Айгүл Тамашеваның айтуынша, оқиға болған күні ол таңғы сағат бесте жұмысқа кеткен. Артынша мүгедектігі бар күйеуі де табыс табу үшін үйден шығып кеткен. Үйдегі кіші балаларға әдеттегідей үлкен қызы қараған. Алайда ол анасына дәрі апарып беру үшін сыртқа шыққан сәтте Юсуфахмет пен Диас каналға қарай кетіп қалған.

Оқиға туралы хабар түскеннен кейін ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеуге ондаған құтқарушы, арнайы техника және еріктілер жұмылдырылған. Бір тәулікке жуық жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде балалардың денесі судан табылды.

ТЖД мәліметіне сәйкес, өңірде жыл басынан бері судағы жазатайым оқиғалардың саны артқан. Мамандар ата-аналарды балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып отыр.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтауда.

Бұл қайғылы жағдай балалар қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. Әсіресе жаз мезгілінде каналдар мен өзен-көлдердің маңында ойнайтын балаларға бақылауды күшейту қажеттігі туындап отыр.