el24.kz Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында блогер әрі заңгер Молдахан Әділетханға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша қарастырылуда.
Жәбірленуші ретінде танылған Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың мүддесін қорғайтын адвокат Асылбек Әбдрайымовтың айтуынша, кезекті сот отырысында прокурор айыптау актісін жариялап, жәбірленушілердің бірі – Алматы қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы С. Шумаевтан жауап алынған.
Адвокаттың мәліметінше, қазіргі уақытта тараптар арасында татуласу туралы келісімге қол жеткізілмеген. Сондай-ақ келтірілген залал өтелмеген.
Сот барысында жәбірленуші тарап моральдық зиян үшін 10 миллион теңге және заңгерлік көмек көрсету шығындары ретінде 1 миллион теңге өндіру туралы азаматтық талап-арыз берген.
– Бұл жерде тек жекелеген лауазымды тұлғалардың беделі туралы сөз болып отырған жоқ. Мұндай жарияланымдар мемлекеттік органдарға және жалпы құқықтық тәртіп жүйесіне деген қоғам сеніміне әсер етеді. Әзірге кешірім беру мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Себебі азаматтық талап орындалмаған және Әділетхан Молдахан тарапынан кешірім сұрау болған жоқ, – деді адвокат Асылбек Әбдрайымов.
Заңгердің айтуынша, талап етіліп отырған 11 миллион теңге көлеміндегі моральдық және материалдық шығын толық өтелген жағдайда ғана жәбірленуші тарап мәселені қайта қарауы мүмкін.
– Егер 11 миллион теңге өтелсе, Ержан Ұзабаев бұл қаражатты балалар үйіне аудармақ. Дегенмен бұл оның кешіруге дайын екенін білдірмейді, – деп түсіндірді адвокат.
Еске сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылған жағдайда 11 миллион теңгеден астам мөлшерде айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша түпкілікті шешім сот үкімі шыққаннан кейін белгілі болады.
