el24.kz Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің құқық қорғау органдарына жауап алуға жеткізілгені туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде алғаш болып жергілікті «Ақ Жайық» басылымы хабарлап, кейін ақпаратты бірқатар республикалық БАҚ жариялады.
Бейресми деректерге сәйкес, қала әкімі облыстық әкімдік ғимаратында өткен жиын алдында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлерімен әкетілген. Кейін жауап алу рәсімдерінен соң үйіне жіберілгені айтылуда.
Жергілікті дереккөздердің мәліметінше, Шәкір Кейкин белгілі бір қылмыстық іс аясында түсініктеме берген. Алайда оның іс бойынша қандай процессуалдық мәртебеге ие екені және тергеудің нақты мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.
Оқиғаға қатысты ақпаратты кейінірек Egemen.kz басылымы да растады. Басылымның хабарлауынша, қала әкімі құқық қорғау органдарына жеткізіліп, сұрақтарға жауап бергеннен кейін босатылған.
Айта кетейік, бұл жағдайдың алдында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Politico.kz мәліметінше, тергеуді ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр. Бейресми деректерде іс материалдарында тағы бір күдікті мен 40 миллион теңге көлеміндегі қаражат туралы мәліметтердің бар екені айтылған.
Қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облыстық департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, сондай-ақ облыс әкімдігі тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.
Осыған байланысты тергеу әрекеттерінің нақты себептері мен іс бойынша қабылданатын шешімдер әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Ресми органдардың мәлімдемесі жарияланған жағдайда қосымша ақпарат белгілі болады.
