el24.kz Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Threads әлеуметтік желісінде діни тақырыптағы жарияланымдарға қалдырған пікірлері үшін қала тұрғынын 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Абай облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, азамат И. шамамен бір жарым жыл бойы Threads әлеуметтік желісінде басқа қолданушылардың дін тақырыбындағы жазбаларына пікір қалдырып отырған.
Сот материалдарына сәйкес, ол жариялаған пікірлер ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, сондай-ақ адамдарды діни және ұлттық белгісі бойынша кемсітуге бағытталған деп танылған.
Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, соттан бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Алайда мемлекеттік айыптаушы оған бас бостандығынан айыру жазасын қолдануды талап етті.
Сот үкімімен азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі («Әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп танылды. Жаза тағайындау кезінде сот оның шын өкінгенін, бұрын сотталмағанын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылғанын, сондай-ақ тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан оң мінездеме берілгенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Нәтижесінде сот оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты жария түрде, оның ішінде әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы қоздыруға қатысты жауапкершілікті көздейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
