el24.kz Семей қаласында түнгі уақытта автомобиль көпірінің жол жүру бөлігінде фотосессия ұйымдастырған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан кейін белгілі болған. Желі қолданушыларының алаңдаушылығын тудырған видеоны тексеру барысында тәртіп сақшылары заңбұзушының жеке басын анықтады. Ол Ақтөбе облысының 35 жастағы тұрғыны болып шыққан.
Кадрларда әйелдің қараңғы уақытта көлік қозғалысына қарамастан жолдың дәл ортасына жатып, камера алдында суретке түсіп жатқанын көруге болады. Бұл әрекет тек оның өз өміріне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндірген.
Полиция қызметкерлері азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол қозғалысы қағидаларын бұзуы бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Абай облысы полиция департаменті азаматтарды әсерлі кадр немесе әлеуметтік желідегі танымалдылық үшін өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырды.
«Бірде-бір лайк пен бірде-бір видео адам өмірінен қымбат емес», – деп ескертті тәртіп сақшылары.
Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қауіпті жерлерде фото және видео түсіру фактілері жиілеп келеді. Мамандар мұндай әрекеттер жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін айтып, азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
