el24.kz Павлодар облысының Ақсу қаласында мас күйінде жол-көлік оқиғасына себепкер болған әйелді әкімшілік қамаудан босату үшін жалған жүктілік анықтамасын пайдаланған құқық қорғау қызметкері сотталды. Бұл туралы прокуратура мәлімдеді.
Ақсу қаласының ауданаралық соты полиция бөлімінің бұрынғы қызметкерін пара алу және әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді қолдан жасау фактілері бойынша кінәлі деп таныды.
Прокуратураның мәліметінше, жүргізуші куәлігі жоқ әйел мас күйінде көлік тізгіндеп, жол-көлік оқиғасына себеп болған. Іс сотта қаралған кезде оның атынан жүктілік туралы медициналық анықтама ұсынылған. Соның негізінде әкімшілік қамау жазасы айыппұлмен алмастырылған.
Алайда прокурорлар жүргізген тексеру барысында аталған медициналық анықтаманың жалған екені анықталды. Тергеу нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмысының беті ашылып, әкімшілік іс бойынша дәлелдерді қолдан жасау фактісі дәлелденді.
Сот үкімімен бұрынғы полиция қызметкеріне 6,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, арнайы атағынан айырылды. Заңсыз жолмен алынған пара мемлекет кірісіне тәркіленді.
Прокуратура соттың қадағалау органы қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалап, олардың кәсіби қызметіне қатысты жеке қаулы шығарғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
