el24.kz Қазақстанда мұрағат ісі мен ветеринария саласында еңбек ететін мамандар үшін жаңа қосымша төлемдер мен үстемақылар қарастырылды. Тиісті өзгерістер Үкіметтің №564 қаулысына сәйкес 2026 жылғы 30 маусымнан бастап күшіне енді.

Жаңа нормаларға сәйкес, енді ветеринария және мұрағат ісі саласының қызметкерлері заңнамада көзделген еңбек жағдайына байланысты қосымша төлемдер мен үстемақыларды ресми түрде алуға құқылы.

Сонымен қатар құжатта ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарды қолдау шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерде еңбек ететін қызметкерлерге жергілікті мәслихаттардың шешімі негізінде лауазымдық жалақысына кемінде 25 пайыз көлемінде үстемеақы белгіленеді.

Үкімет қаулысында орта мерзімді кезеңге арналған өзгерістер де көзделген. Соның ішінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер үшін қосымша арттыру коэффициентін енгізу жоспарланып отыр.

Нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық жалақысы 1,75 есеге дейін өседі деп күтілуде.

Жаңа өзгерістер еңбек жағдайын жақсартуға, кадр тапшылығын азайтуға және әсіресе ауылдық жерлердегі мамандарды қолдауға бағытталған.