el24.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Астанадағы республикалық Бас мешіттің атауын өзгерту туралы шешім қабылдады. Енді еліміздің басты діни нысандарының бірі ресми түрде «Нұрсұлтан мешіті» деп аталады. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Діни басқарманың мәліметінше, жаңа атау ресми қолданысқа енгізілді. ҚМДБ бұл өзгеріс мешіттің елдің рухани өміріндегі маңызын өзгертпейтінін атап өтті.

«Жаңа атаумен республикалық Бас мешіт алдағы уақытта да халқымыздың рухани өміріне қызмет етіп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға және игі бастамаларды дамытуға үлес қоса береді», – делінген ресми хабарламада.

Астанадағы Бас мешіт – Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі мешіттердің бірі. Оның құрылысы 2019 жылғы 18 наурызда басталып, іргетасын қалау рәсімі сол кездегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Ал мешіт 2022 жылғы 12 тамызда салтанатты түрде ашылды.

Сәулетімен ерекшеленетін ғибадат орнының бас күмбезінің биіктігі 83 метр, ал төрт мұнарасының әрқайсысы 130 метрге жетеді. Мешіттің жабық ғимаратында бір мезетте шамамен 35 мың адам құлшылық ете алады. Ал сыртқы алаңын қоса есептегенде, 200 мыңнан астам адамды қабылдауға мүмкіндігі бар.

Бүгінде Бас мешіт тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, сонымен қатар діни-ағартушылық, қайырымдылық және рухани-танымдық іс-шаралар өткізілетін маңызды орталыққа айналды. Мұнда күн сайын жамағатқа арналған дәрістер, Құран оқу сабақтары мен түрлі әлеуметтік жобалар ұйымдастырылып келеді.

ҚМДБ шешіміне сәйкес, енді мешіт барлық ресми құжаттарда, ақпараттық материалдарда және ресми хабарламаларда «Нұрсұлтан мешіті» атауымен көрсетілетін болады.