«Әр кәллада бір қиял» демекші, менің іс-әрекетіме біреулер күліп қарар, енді біреулеп сынап-мінер, бірақ менің басқа амалым болмады. Жан жарымды жанымнан алыстатпау үшін пышаққа түсуге бел будым.
Мен үшін мұндай шешімге келу қаншалықты қиын болғанын айтып жеткізе алмаспын. Дегенмен мен бүгін «Алаш айнасындағы» «Отбасы ошақ қасы» айдарынының оқырмандарына басымнан өткен оқиғаны баяндауды жөн көрдім.
Тұрмысқа шыққан соң бір жылдан кейін тұңғышымыз дүниеге келді. Алғашқы бала болғаннан кейін бе бала күтімі мен үшін қиын болды. Бала мазасыз, емшек сүтіне тоймайды, түнімен ұйықтамайды. Ата-енеммен бөлек тұрғандықтан баланы қарасатын ешкім болмады. Тұңғышымыз екі жасқа келгенде екінші сәбиіміз дүниеге келді. Күйеум күні бойы жұмыста.
Ол кешке келгенде тамағы даяр тұрсын деп, күні бойы екі баланы аңыратып қойып тамақ жасаймын, үй жинаймын. Жолдасым жұмыстан шаршап келеді ғой деп балаларды оның көзінше жылатпауға, мазасын алмауға тырысамын. Ең маңыздысы ол мені түсінді, кейде мені аяп, түнде балалар жыласа, тұрып көмектесетін. Әйтеуір балалар баақшаға баратын жасқа да келді.
Күйеуіммен ақылдасып, екеуін де бала-бақшаға беріп, жұмысқа шықтым. Балалармен үйде отырып әбден мезі болған басым жұмысқа шығып бір сергіп қалдым. Оның үстіне өзің ақша тапқанға не жетсін.
Жоғары білім алып үлгермесем де, таныстарымыздың арқасында фармацевтикалық компанияға менеджер болып жұмысқа тұрдым. Жалақысы да жаман емес. Өзім жұмысқа әбден орнығып алғаннан кейін ауылдан мектеп бітірген сіңілімді алдырдым. Ол қалаға келіп колледжге оқуға түсті. Біздің үйде тұрып балаларымды қарасатын болды.
Көптен бері жолдасым екеуміз бірге киноға да, қонаққа да баруға балалардан шыға алмайтынбыз. Сіңілім келгеннен кейін екеуміз кешке емін-еркін қалаған жерімізге баратын болдық. Бірде жолдасымның әріптестері жиналып көкке шықтық. Сонда байқадым, олардың ұжымында небір әдемі қыздар жұмыс істейді екен. Бәрінің дене бітімі сымбатты, аяқтары ұзын, белдері жіп-жіңішке, бөкселері мен омыраулары үлкен. Әлгілерді өзіммен салыстырып біртүрлі қысылып қалдым. Өйткені мен бала туғаннан кейін омырауым мүлде тартылып қалды.
Тіпті жоқ болып кетті десем болады, өзім ап-арықпын. Көрген адамдардың бірі «мына түрің не, тамақ ішпейсің бе, құр сүлдерің қалыпты ғой» деп аяушылық танытып жатады. Мен өзімнің дене бітімімнен қатты ұялатынмын. Күйеуім менің фигурамдағы кемшіліктерді бетіме баспаса да, мен оның сұлу қыздарға телміріп қарайтынын талай рет байқадым.
Сол көкке шыққан күні біздің қарсы алдымызда отырған қыздың жартылай ашық көкірегіне күйеуімнің тесіле қарағаны жаныма қатты батты. Осыдан кейін қайтсем омырауымды үлкейтем деген ой менің басымнан кетпей қойды. Жатсам, тұрсам соны ойлаймын, ғаламторды сан мәрте ақтардым. Ақыры маған мамопластикадан басқа ештеңе көмектеспейтініне көзім әбден жетті.
Іштей өзімді өзім қайрап, бір жыл пластикалық ота жастауға ақша жинадым. Сонымен қоса спортзалға барып жаттықтым. Бұлшықеттерім босанғаннн кейін әбден босап қалған ғой. Жарты жылдан кейін спортзалға барғанымның нәтижесі көріне бастады. Дене бітімім аздап толысып, бұлшықеттерім қатайды. Диетологқа да бардым. Ол маған денсаулыққа пайдалы әрі салмақ қосуыма көмектесетін тағамдарды жазып берді.
Сонымен бір жылдан кейін мен өзімді өте жақсы сезіндім. Күйеуімнің маған деген сезімі бұрынғыдан да жақсарғанын, өмірге деген құлшынысымның артқанын сездім. Бірақ мен өзімді тіпті сенімді сезіну үшін бәрібір омырауымды үлкейту үшін ота жасатудан тайынбадым. Ақыры дәрігермен кеңесе отырып, ота жасайтын күнді де белгіледік. Күйеуіме ештеңе айтпастан үш күнге ауруханаға жаттым. Оған басқа қалаға іссапармен кеттім деп алдадым. Егер мен күйеуме ота жасататынымды айтсам, ол маған рұқсат бермес еді.
Пышаққа түсуден қанша қорықсам да, «шешінген судан тайынбас» деп ота жасаттым. Ота жасалғаннан кейін бірден нәтижені көру мүмкін емес қой, 3-күндей ем алдым. Ауруханадан шығып, үйге келдім. Тек сол күні ғана жолдасыма дәрігерлердің шешімімен омырауыма ота жасатқанымды айттым. Мен оған омырауымды үлкейту үшін әдейі ота жасатқанымды айта алмадым, омырауым ауырған соң ота жасатуға тура келді деп алдадым. Күйеуім менің денсаулығым үшін қатты алаңдап, оған ота туралы айтпағаным үшін қатты ренжіді.
Мен оған денсааулығымның жақсы екенін, оны бекер алаңдатқым келмегенін айтып, соңынан түсіністік. Бір айдан кейін қалыпты өмірге қайта оралдым. Омырауым жазылды. Қазір өзімнің көкірегіме қараймын да көңілім көтеріледі. Қыз күнімдегіден де әдемі. Өз-өзім деген сенімім артым, күйеуімді өзіме күннен күнге ғашық етуге тырысамын. Мен күйеуімді қатты жақсы көремін. Егер ол мені басқа қыздарға айырбастап кетсе өмір сүре алар ма едім. Әрнине, жан жарым менің сыртқы келбетім үшін, фигурам үшін ғана сүйеді деп айтудан аулақпын. Біз бір-бірімізді жастайымыздан сүйдік. Бірақ меніңше, әйел адам отбасын сақтап қалу үшін, күйеуінің өзіне деген сезімін өшіріп алмау үшін қандай қадамға барса да жарасады деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім.
Камила, Алматы
Алаш Айнасы