el24.kz Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғырту және оның ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шықты. Осы бағытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және бейінді ұйымдардың қатысуымен арнайы жұмыс тобын құрған.
Министрліктің мәліметінше, жұмыс тобы Мемлекет басшысының зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін көтеру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жұмыс жүргізіп жатыр.
Жақында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Кездесу барысында зейнетақы жүйесін жетілдіруге бағытталған бірнеше тұжырымдамалық ұсыныс талқыланды.
Ұсыныстардың бірі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан түсті. Қор өкілдері азаматтың орташа айлық табысы мен еңбек өтіліне негізделетін әлеуметтік зейнетақы төлемі жүйесін енгізуді ұсынды. Сарапшылардың пікірінше, бұл модель жинақтаушы жүйеге тән тәуекелдерді азайтып, төлемдердің тұрақтылығы мен болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс берушілер аударымдарының 4 пайызын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1 пайызын ынтымақты құрамдас бөлікке бағыттауды көздейтін жаңа тәсілді таныстырды. Бұл жүйе азаматтарға өмір бойы тұрақты қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған.
Талқыланып жатқан маңызды бастамалардың бірі – ұзақ жылдар еңбек еткен азаматтарға қатысты ұсыныс. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтар үшін зейнетке шығу уақытын икемді түрде реттеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама әсіресе бюджет саласы қызметкерлеріне қатысты өзекті болып отыр.
Кеңес жұмысына белгілі сарапшылар мен қоғам қайраткерлері де қатысты. Олардың қатарында БҰҰ жанындағы Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы (Astana Civil Service Hub) Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, сондай-ақ Болат Жәмішев, Ораз Жандосов және Елена Бахмутова бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық ұсыныстардың әзірге талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, бұл бастамалар консультативтік сипатқа ие және олар бойынша түпкілікті шешімдер қабылданған жоқ.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, кез келген өзгеріс қаржылық тұрақтылық, әлеуметтік әділеттілік және азаматтар үшін ықтимал салдар тұрғысынан жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана енгізіледі.
Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры Динара Қайролланың сөзінше, министрліктің басты мақсаты – азаматтарға зейнет жасына жеткеннен кейін лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін тұрақты әрі теңгерімді зейнетақы жүйесін қалыптастыру.
Айта кетейік, Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар шаралар қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы көлемі 10 пайызға индекстелді. Сонымен қатар базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 118 пайызына дейін ұлғайтылды. Ал 2027 жылы бұл көрсеткішті 120 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен ұлғайтылуда. 2026 жылы олардың мөлшері қызметкер табысының 3,5 пайызын құраса, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 пайызға дейін өседі.
Осылайша, Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалау мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Алайда әзірге зейнетке шығу жасын өзгерту немесе жаңа тәртіп енгізу туралы нақты шешім қабылданған жоқ.
