el24.kz  Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы қаласында жақын арада жойқын жер сілкінісі болады деген ақпарат кеңінен тарап жатыр. Алайда құзырлы органдар бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде таралған болжамдарға ғылыми негіз жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігінің "Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығының" мамандары қазіргі уақытта Алматы аумағында жойқын жер сілкінісінің жақындағанын көрсететін сейсмикалық режимнің аномальді өзгерістері тіркелмегенін айтты.

Мамандардың айтуынша, қазіргі ғылым жер сілкінісінің нақты қай күні, қай уақытта, қай жерде және қандай күшпен болатынын дәл болжай алмайды. Сондықтан әлеуметтік желілерде таралып жатқан негізсіз ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады.

Сонымен қатар сейсмологтар тұрғындарға төтенше жағдайларға әрдайым дайын болған жөн екенін еске салды. Олар алдын ала қажетті құжаттар, дәрі-дәрмек, су, азық-түлік және басқа да маңызды заттар салынған "дабыл чемоданын" дайындап қоюды ұсынады. Сондай-ақ үйдегі қауіпсіз орындарды алдын ала анықтап, отбасы мүшелерімен жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керектігін талқылау маңызды.

Құзырлы органдар азаматтарды дүрбелеңге бой алдырмай, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.