el24.kz Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында Қазақстан үшін тарихи маңызы зор шешім қабылданды. «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» ресми түрде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.
Аталған номинацияны әзірлеу және халықаралық ұйымға ұсыну жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Президент Маңғыстау өңірінің бірегей табиғи келбеті мен тарихи-мәдени мұрасын әлемдік деңгейде танытып, жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.
ЮНЕСКО тізіміне енген сериялық нысан құрамына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата атты бес киелі кешен кірді. Бұл орындар ғасырлар бойы сақталып келе жатқан рухани мұраның, сопылық дәстүрдің және көшпелі мәдениеттің маңызды орталығы саналады.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті аталған нысанның (ii) және (iii) критерийлері бойынша айрықша әмбебап құндылыққа ие екенін мойындады. Комитет Маңғыстауда қалыптасқан сопылық дәстүр мен көшпелі өркениеттің өзара сабақтастығы нәтижесінде пайда болған ерекше киелі кеңістіктің әлемдік мәдени мұра үшін маңызды екенін атап өтті.
Әрбір кешеннің құрамына жерасты мешіттерімен қатар қорымдар, сопылық ілім өкілдерінің кесенелері мен жерлеу орындары, зиярат жолдары, киелі құдықтар және діни маңызы бар өзге де нысандар енеді. Бұл орындар ғасырлар бойы үзілмеген рухани дәстүрдің сақталуына ықпал етіп, бүгінгі күнге дейін зияратшылар көп келетін қасиетті орындар ретінде өз маңызын жоғалтқан жоқ. Сонымен бірге киелі орындарды күтіп-баптап, олардың тарихи сабақтастығын жалғастырып келе жатқан шырақшылық дәстүрі де бүгінге дейін сақталған.
Қазіргі таңда бес кешеннің барлығы мемлекет қорғауына алынған және Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Оларды ұзақ мерзімге сақтау мақсатында 2027–2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленуде. Құжатта тарихи ескерткіштерді сақтау, киелі тарихи-мәдени кеңістікті қорғау, келушілер ағынын тиімді ұйымдастыру, ықтимал қауіптердің алдын алу және ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттары қамтылған.
Маңғыстаудың жерасты мешіттерінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі – Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде мойындатқан маңызды жетістік. Бұл шешім өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық рухани құндылықтарды сақтау мен оларды әлемге танытуға жаңа мүмкіндік береді.
