el24.kz Таиландта 26 шілде күні із-түзсіз жоғалған Ресей азаматтары – 22 жастағы Диана Назимова мен оның 17 жастағы інісі Роман Назимовтың қаза тапқаны белгілі болды. Бұл туралы Thairat басылымы хабарлады.

Басылымның мәліметінше, құқық қорғау органдары ұстаған күдіктілер ағайындыларды өлтіріп, қылмысты жасыру мақсатында олардың мәйіттерін таулы аймаққа апарып көмгендерін мойындаған.

Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, қылмыстық топтың жетекшілері ретінде аталған Понг пен Тонг жауап беру барысында 17 жастағы Романның оққа ұшқанын, ал оның әпкесі Диананың соққы салдарынан көз жұмғанын айтқан.

Тергеушілердің болжамынша, қылмыстың негізгі себебі жәбірленушілердің мотоциклін иемдену болған. Алайда дәл сол көлік күдіктілерді анықтауға көмектескен маңызды айғаққа айналды.

Ресей азаматтары мінген Honda ADV 150 маркалы мотоцикл бөлшектелген күйде Чонбури провинциясындағы ескі зират маңына көмілген жерден табылған. Тергеу барысында осы айғақтың негізінде күдіктілердің ізіне түсіп, оларды ұстау мүмкін болған.

Қазіргі уақытта Таиланд полициясы қылмыстың барлық мән-жайын анықтап, іс бойынша тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.