el24.kz 30 шілдеде Жапонияның Kiryu FM радиостанциясы Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған Music Forever бағдарламасының кезекті арнайы шығарылымын эфирге шығарады. Бағдарламаның басты ерекшелігі – әншінің жаңа «AQERKE» композициясының жапон радиосында алғаш рет шырқалуы болмақ. Бұл туралы ресми ақпарат DimashNews порталы жариялады.
Жапониялық радиостанция Димаштың шығармашылығын жергілікті тыңдарманға 2020 жылдан бері тұрақты түрде таныстырып келеді. Осы уақыт ішінде әншінің барлық жаңа туындылары Kiryu FM эфирінен орын алып, оның өнеріне бірнеше мәрте арнайы бағдарламалар арналды. Бұл жапон тыңдармандарының қазақ өнеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Биылғы Dimash Special шығарылымы Dimash Japan Fan Club жанкүйерлер клубының қатысуымен әзірленген. Эфир барысында тыңдармандар жаңа «AQERKE» әнімен қатар Love's Not Over Yet, Kieli Meken, Love of Tired Swans, Daididau, Omir және Olimpico композицияларын тыңдай алады.
Music Forever бағдарламасы Жапонияның Гумма префектурасындағы Кирю қаласынан таратылады. Бағдарламаны жүргізушілер Кадзудзи Като мен Кёко Ямамото жүргізеді. Негізгі эфир әр айдың бірінші және үшінші бейсенбісінде Жапония уақытымен 19:06–19:59 аралығында шығады, ал қайталау көрсетілімі келесі күні 11:06-да беріледі. Егер айда бесінші бейсенбі болса, радио ұжымы арнайы музыкалық шығарылым әзірлейді.
Айта кетейік, «AQERKE» – Димаштың қазақтың халық әніне заманауи өңдеу жасаған жаңа туындысы. Ән маусым айында әлемдік цифрлық музыкалық платформаларда жарық көріп, халықаралық тыңдармандар арасында үлкен қызығушылық тудырған болатын. Енді бұл шығарма Жапония радиосының эфирінде алғаш рет орындалып, жапон тыңдармандарына жол тартады.
