el24.kz Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) терроризмге жәрдемдесу бабы бойынша ресми айып тағып, оны халықаралық іздеуге жариялағанын мәлімдеді. Бұл туралы Ресейдің құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйене отырып халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.

Ресей ФҚҚ-ның мәлімдеуінше, Дуровқа Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі («Террористік қызметке жәрдемдесу») бойынша қылмыстық іс аясында айып тағылған.

Ведомствоның хабарлауынша, Telegram платформасында Ресей аумағында диверсиялық әрекеттерді, терроризмді және киберқылмыстарды ұйымдастыру үшін пайдаланылды делінген бірқатар арналар, чаттар мен боттар уақытылы жойылмаған. Ресей тарапы мұны қылмыстық істің негізі ретінде көрсетіп отыр.

ФҚҚ мәлімдемесінде Павел Дуровтың халықаралық іздеуге жарияланатыны айтылған. Ресей заңнамасына сәйкес, аталған бап бойынша кінәлі деп танылған жағдайда 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Халықаралық БАҚ-тың хабарлауынша, Павел Дуров Ресейдің айыптауларымен келіспейді. Ол бұған дейін де билік тарапынан тағылған айыптарды сөз бостандығы мен жеке өмірге қол сұғушылыққа байланысты қысым деп бағалаған. Қазіргі уақытта Telegram компаниясы Ресейдің жаңа айыптауларына қатысты толыққанды ресми мәлімдеме жариялаған жоқ.

Айта кетейік, Павел Дуров – Telegram мессенджерінің негізін қалаушы және бас директоры. Ол Ресейден кеткеннен кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып келеді және Франция мен БАӘ азаматтығына ие. Соңғы жылдары ол бірнеше елде Telegram платформасындағы контентті реттеу мәселесіне байланысты құқықтық тексерулерге тап болған.