el24.kz Wildberries маркетплейсі Ресейдің Мәскеу облысындағы Электросталь қаласындағы қоймада болған өрттен зардап шеккен сатушыларға өтемақы төлеуді бастады. Компанияның мәліметінше, алғашқы төлемдер ең алдымен шағын кәсіпкерлерге бағытталған.
Wildberries басшысы Татьяна Кимнің айтуынша, қазіргі кезеңде компанияның басты мақсаты – өрт салдарынан шығынға ұшыраған серіктестерді қолдау.
Алғашқы кезекте қаржылай өтемақы 88 мыңнан астам шағын кәсіпкерге аударылады. Компанияның хабарлауынша, қаражат сатушылардың жеке балансына бір тәулік ішінде түседі.
Компания мәліметінше, бүгінде Қазақстанда Wildberries платформасында тіркелген 120 мыңнан астам сатушы жұмыс істейді. Сондықтан қабылданған қолдау шаралары қазақстандық кәсіпкерлерге де қатысты болады.
Сонымен қатар Wildberries қоймалар арасындағы логистикалық процестерді тұрақтандыру бойынша жұмыстарды күшейткенін хабарлады. Компания тауарларды басқа қоймаларға қайта орналастырып, жеткізу тізбегін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ тауарларды қоймадан шығару қызметі жақын уақытта толық қалыпты режимге көшетіні айтылды.
Компания өкілдерінің сөзінше, қолға алынған шаралар кәсіпкерлердің шығынын барынша азайтып, платформадағы сауда процесін қысқа мерзімде қалыпқа келтіруге бағытталған. Сонымен бірге сатып алушылардың тапсырыстарын уақытылы жеткізу де негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.
Айта кетейік, Электростальдағы Wildberries логистикалық кешенінде өрт 18 шілдеге қараған түні болған. Компания бұған дейін өрт салдарынан зардап шеккен сатушыларға қолдау көрсетіп, өтемақы төлеу тетігін әзірлеп жатқанын мәлімдеген еді. Кейін алғашқы төлемдердің басталғаны ресми түрде жарияланды.
