el24.kz Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына қатысты ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, Бақытжан Байжанов «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң аясында жазасының өтелмеген бөлігінен босатылған.
ҚАЖК Ulysmedia.kz басылымына берген жауабында сот бұл мәселені қараған кезде Байжановтың өтелмеген жаза мерзімі 3 ай 18 күн болғанын хабарлады. Осыған байланысты сот рақымшылық туралы заңды қолданып, оны жазаның қалған бөлігін өтеуден босату туралы шешім қабылдаған.
Сонымен қатар сот қаулысымен Бақытжан Байжановқа пробациялық бақылау белгіленіп, 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау тағайындалды. Бұл оның бостандыққа шыққаннан кейін де құқық қорғау органдарының бақылауында болатынын білдіреді.
Бұған дейін адвокат Ғазиз Ынтықбаев әлеуметтік желіде соттың Бақытжан Байжановты дереу босату туралы қаулы шығарғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, сот шешімі шыққан күні Байжанов түзету мекемесінен босатылып, отбасына оралған.
Еске салайық, Бақытжан Байжанов Астана қаласында қаралған Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотталған. Сот оны қылмыс туралы хабарламағаны және аса ауыр қылмысты жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын.
ҚАЖК атап өткендей, рақымшылық жасау туралы заң сотталғандарды автоматты түрде босатуды көздемейді. Әрбір жағдайды сот жеке қарап, заң талаптарына сәйкестігін бағалайды. Байжановқа қатысты шешім де қолданыстағы рақымшылық туралы заң негізінде соттың қаулысымен қабылданған.
Осылайша, Бақытжан Байжанов бостандыққа шыққанымен, алдағы алты жыл бойы әкімшілік қадағалауда болып, пробациялық бақылау талаптарын орындауға міндетті.
