el24.kz Павлодар облысында алты адамның өмірін қиған қайғылы оқиға тіркелді. Оқиға бүгін Ақтоғай ауданына қарасты Жоламан ауылында орналасқан «Aqtogai Milk» ЖШС аумағында болған.
Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орнына жедел медициналық жәрдем бригадалары шұғыл жеткен. Алайда дәрігерлер 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты ер адамның оқиға орнында көз жұмғанын анықтаған.
Сонымен қатар, 1988 жылы туған тағы бір ер адам орташа дәрежедегі көмірқышқыл газынан улану диагнозымен Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдай кәсіпорын аумағындағы кәріз құдығында электр сорғысының ақауын жою және жөндеу жұмыстары кезінде болған. Ресми органдар бұл ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құзырлы органдар тергеу аяқталғанға дейін оқиғаның себептері туралы қорытынды жасауға ерте екенін атап өтті.
